Ақтауда әйел кәсіпкерлерінің халықаралық конгресі өтті
Каспий жағасындағы қалада «ASMAR – бірлік дәстүрлері» атты іскер әйелдердің халықаралық конгресі өтті. Оған Германия, Әзербайжан, Қырғызстан және ел аймақтарынан 400 аса кәсіпкер қыз-келіншек қатысты.
Шетелден келген делегация мүшелері елде бизнесті дамыту бойынша ой-пікірімен бөлісіп, қаржылай қолдауға ниет білдірді. Шара аясында «Altyn оimaq» және «Бір ауыл - бір өнім» ұлттық жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.
Халықаралық маңыздағы шара бұған дейін Астанада өткізіліп келді. Бұл жолы Маңғыстау облысында ұйымдастырылуы кездейсоқтық емес. Аймақта 70 мыңнан аса бизнес субъектісі тіркелген. Соның 47% әйелдер басқарады.
Ләззат Рамазанова, ASMAR Қазақстанның кәсіпкер әйелдері ұлттық қауымдастығының төралқа төрағасы:
- Ортақ мақсат – шағын және микробизнесте жүрген қыз-келіншектердің орта, үлкен бизнеске өсіру. Жаңа инструменттерді іске қосу. Ең біріншіден, қаржылай қолдау. Сонымен қатар ішкі бизнестің менеджментін жаңа деңгейге шығару. Осының барлығын мемлекеттік қолдаудың жаңа көздерін дамыту деп айтамыз.
Қазақстандық іскер әйелдер шетелде зор қызығушылық тудырған бірнеше жобаны жүзеге асырды. Мәселен, «Алтын оймақ» байқауы. Мақсаты – отандық дизайнерлер мен тігіншілікті табыс көзіне айналдырғысы келетін кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Ал «Бір ауыл - бір өнім» пилоттық жобасы жұмыссыз қыз-келіншектің жүн өнімінен бұйым жасап, экспортқа шығаруы арқылы сол ауылдың атауын бренд ретінде қалыптастыруды көздейді. Іскер әйелдерді елдің ірі кәсіпорындары қолдауға дайын. Соның бірі – «Қазмырыш» компаниясы.
Андрей Лазарев, «Қазмырыш» компаниясының атқарушы директоры:
- Конгресс мұнайшылар қаласында өтіп жатыр. Біздің кәсіпорын ұжымының төрттен бірін нәзік жандылар құрайды. Бұрыннан келе жатқан және жаңа жеткізушілер қатарында жүздеген іскер әйел бар. Олар өндіріс орнында тұрақты әрі тиімді жұмысты қамтамасыз етуге атсалысуда. Кәсіпкерлер ұсынатын әлеуметтік бастамалар – ерекше назарымызда.
Конгресс аясында Аsmar Қазақстан кәсіпкер әйелдерінің ұлттық қауымдастығы, Ұлттық экономика министрлігі, аймақ әкімдігі және Қазақстан жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев