ҚР ОСК төрағасы Қарағанды облысының сайлаушылармен кездесті
Жаңадан сайланатын әкімдердің білімі жоғары, тәжірибесі мол, рухани жан-дүниесі бай болу керек. Халықпен тіл табысып, олардың өтініш-тілегін тыңдай білуі шарт. Қарағанды облысындағы сайлаушылардың үміткерлерге қойып отырған талабы осындай. Орталық сайлау комиссиясының төрағасымен болған кездесуде жұрт ойларын ашық айтып, пікір алмасты.
Жыл өткен сайын жастардың электоралды белсенділігі артып келеді. «Еліміздегі саяси үдерістерге қатысуы да көңіл қуантады», - дейді әлеуметтанушылар.
Сондықтан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қарағанды өңіріне сапарын жалынды жастармен кездесуден бастады. Алда саяси науқан. Тұрғындар бірінші рет қала және аудан әкімдерін сайлайды.
Диас Макадан, Қарағанды экономикалық университетінің студенті:
- Әкімді сайлау жалпы қазақ халқына бейтаныс рәсім емес. Өйткені ұлы дала кезінде де бабаларымыз би, қазыларды сайлағандықтан қазаққа жат емес. Сондықтан да ол рәсім қайта қолданылып, қайта жаңғырып жатса оны қолдағанымыз дұрыс деп санаймын.
Облыс орталығынан ең шалғайда жатқан Ақтоғай ауданының халқы да биыл өз әкімін сайлайды. Мұнда 10500 сайлаушы тіркелген. Әзірге әкім болуға ниетті үш үміткер бар. Халықтың оларға қойып отырған талабы жоғары.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Сайлауға байланысты олар не күтіп отырғандарын және аудан әкімі қандай болу керек, ол кім болу керек, оның алдында қандай талаптар болу керек, қандай талаптарға сай болу керек, үлкен деңгейге көтеріп тастады талаптарын. Білімділігі жөнінде, тәжірибесі жөнінде, таза ниеті жөнінде.
Қарашаның 5 күні Қарағанды облысы бойынша 3 әкім сайланады. Приозерск қаласы мен Ақтоғай және Осакаров аудандарының 38 мыңнан астам тұрғыны өз таңдауларын жасайды. Әзірге үш өңір бойынша 9 үміткер тіркелген. Бірақ бұл сан өзгеруі мүмкін. Құжат қабылдау 5 қазанға дейін жалғасады.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар