Хабар телеарнасы

Ақмола облысындағы бірқатар елді мекенде ұялы байланыс мардымсыз

Шалғайдағы ауылдар былай тұрсын, Көкшетаудың іргесіндегі елді мекендер интернетке жарымай отыр. Ғаламтор желісінің жылдамдығы да көңіл көншітпейді.

Садовый ауылы облыс орталығынан он шақырым жерде орналасқан. Жергілікті халық бірнеше жылдан бері ұялы байланыс тауқыметін тартып келеді. Ал соңғы уақытта олар үшін интернетке қосылмақ түгілі, байланысқа шығудың өзі мұңға айналған.

Рахат Арыстанқызы, ауыл тұрғыны:
-Байланыс өзі бар. Бірақ сапасы өте нашар. Ешкіммен сөйлесе алмайсың. Балалар былтыр онлайн оқығанда өте қиын болды.

Ерік Құбатаев, ауыл тұрғыны:
-Бізде интернет өте нашар. Кей жерлерде мүлдем ұстамайды. Әсіресе балалардың сабағына қиын. Тіпті кейде такси шақыра алмаймыз.

Ал аудан шенеуніктері болса мәселені шешуде дәрменсіздік танытып отыр. Себебі ұялы байланыс тартарда алдымен елді мекендегі тұрғын саны ескеріледі. Қазір аудан бойынша бұл бағыттағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

Есімхан Байғабылов, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары:
-Қазір 17 бағыт бойынша 30 ауылға интернет тартуды жоспарлап отырмыз. Жоба әлі қарастырылып жатыр. Егер мақұлданса, келесі жылы Қарсақ, Троицкое, Ермаковка ауылдарынан бастаймыз.

Биыл облыс бойынша 100-ге тарта ұялы байланыс антенасын орнату жоспарланған. Халық көп шоғырланған елорда іргесіндегі ауылдарға басымдық беріліп отыр. Бұдан бөлек, ескірген байланыс желілері жаңартылады.

Бауыржан Рапықов, Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы:
-Келесі 2024-2027 жылдар аралығында еліміздегі 3-4 операторлар 115-ке тарта елді мекенде өз интернет желілерін модернизациялау жұмыстарын бастайды. Ол да біздің басқармамен келісіліп, қазір ауылдарды анықтау үстіндеміз.

«Бүгінде облыс тұрғындарының 87% интернетпен қамтамасыз етілген. Ал алдағы жылдары бұл көрсеткіш 100% жетеді»,— дейді жауаптылар. Себебі 2027 жылға дейін «қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы аясында 238 елді мекенге сапалы ғаламтор желісі тартылады деп жоспарланған.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко