Мемлекет басшысы геология ардагерлерін қабылдады
Геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу бағытына тың серпін беру қажет. Мұны бүгін Мемлекет басшысы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев отандық геология саласының ардагерлерін қабылдады. Кездесуде Президент Үкіметке 2026-шы жылға қарай геологиялық және геофизикалық барлау көлемін 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін жеткізуді тапсырғанын атап өтті. Қазір бұл салаға шетелдік инвесторларды, капитал мен заманауи технологияларды тарту мақсатында кешенді шаралар қабылданып жатыр. Президент «бұл ретте инвестиция үшін геология саласының ашықтығы мен мемлекет мүддесі арасындағы теңгерімді сақтау маңызды» деді. Соңында Мемлекет басшысы ерен еңбегі үшін ардагер ғалымдарға алғыс айтты.