Түркістанда «Voice of Turan - 2023» қазақ әндері фестивалі өтіп жатыр
Түркістанда екі күннен бері Халықаралық «Voice of Turan - 2023» қазақ әндері фестивалі өтіп жатыр. Бүгін - финал. Биыл 4-ші рет ұйымдастырылып отырған байқауға әлемнің 15 елінен өнерпаздар жиналған. Қазір осы өңірдегі тілшіміз Жандос Жұмабек бізбен тікелей байланысқа шығуға дайын тұр. Жандос, халықаралық қазақ әндері байқауы қалай өтіп жатыр? Кімдер қатысуда?
Жандос Жұмабек, тілші:
- «Voice of Turan» яғни, «Тұран даусы» халықаралық ән байқауына арысы – Аргентина мен Кубадан, берісі – Еуропаның Португалия, Испания, Болгария елдерінен және Азияның біренеше мемлекетінен келген 15 өнерпаз қатысып, өзара бақ сынауда. Фестивальдің басты ерекшелігі – мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 18 пен 35 жас аралығындағы эстрадалық жанрда ән айтатын, халықаралық ән байқауларында топ жарған үздік әншілер қазақ тілінде ән шырқайды. Фестивальдің мақсаты – қазақ музыкасын, қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын, қазақ тілін насихаттау. Ән арқылы әлемге қазақ халқының музыка мәдениетінің сан алуандылығын паш ету. Түркі әлімнің рухани астанасы – киелі Түркістанды насихаттау.
Бүгін екі күнге жалғасқан халықаралық фестивальдің жеңімпаздары белгілі болады. Оны ән байқауын әлемге танымал етуге ықпал етіп жүрген шығармашылық топ пен белгілі өнер жұлдыздары, композиторлар мен продюсерлерден құралған кәсіби қазылар алқасы анықтайды. Жеңімпаздарға бас жүлде, І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдар, сондай-ақ арнайы жүлделер мен ынталандыру сыйлықтары беріледі.