Алматыда Senat Open турнирінің жартылай финалы өтті
Алматыда шахматтан Парламент Сенатының ашық кубогы Senat Open турнирінің жартылай финалы өтті. Шараға 5 өңірде өткен іріктеу жарыстарының 100-ден аса жеңімпазы қатысты. Олардың арасынан үздік шыққан 25 ойыншы тамыз айының соңында Астанада өтетін финалға жолдама алды.
Ашық кубоктың іріктеу ойындары бұған дейін барлық өңірлерде ұйымдастырылды. «Шығыс» турнирі жартылай финалдың соңғы кезеңі. Оған Алматы қаласы, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ ардагерлер қатысты.
Ермек Әбілмажинов, Жаңасемей аудандық мәслихат төрағасы:
-Шахмат деген интеллектуалды ойын ғой, шараға депутаттар қатысып жатқаны өте дұрыс деп есептеймін, өйткені жан-жақтан депутаттар келіп, бір-бірімізбен танысып, пікір алмасып, ой бөлісіп, тәжірибе алмасып жатырмыз. Осындай шаралардың өткені дұрыс деп ойлаймын.
Senat Open ашық кубогын Парламент Сенатының қолдауымен Қазақстан Шахмат федерациясы алғаш рет ұйымдастырып отыр. «Әуесқой шахматшылардың қатарында тәжірибелі ойыншылар да бар. Ал жаңадан қатарға қосылып жатқандар үшін бұл таптырмас тәжірибе алаңы», - дейді ұйымдастырушылар.
Александр Бабенко, Қазақстан Шахмат федерациясының вице-президенті:
- Бүгінде шахмат тек спорт түрі емес. Оның ауқымы кең, ең алдымен жас ұрпақты дамытудың қосымша драйверіне айналды. Бүгінгі турнирде жастар мен алдыңғы буын, зияткерлік, мәдениет пен өнер тоғысқан шахмат сияқты тамаша спорттың маңызын көрсетті.
9 раундтық рапид қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған «Шығыс» өңірдің 25 өкілі тамыз айының соңында елордада өтетін Senat Open турнирінің финалына қатысуға жолдама алды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев