Хабар телеарнасы

Өскеменде жауын-шашын толастар емес

Нөсерлетіп тұрғанына үш тәулік болды. Қала ішіндегі қозғалыс қиындап кетті. Жиналған суды қабылдайтын канализациялар лық толған. «Таза Өскемен» мекемесі күшейтілген режімдегі жұмысқа көшті. Сонда да үлгермей жатыр. Оның үстіне жаңбыр суы жиналатын құдықтар, кейбір көшелерде мүлдем жоқ болса, кейбірінде тым аз. Жалпы суды сору жұмыстарына 10 көлік, 10 мотопомпа, 50 адам жұмылдырылған. Осы күнге дейін 2 мың текше метр су шығарылды. Тұрғындар болса, қаланың коммуналдық шаруашылығы жүйелі ұйымдастырылмаған деп санайды. Өйткені бұл алғашқы жағдай емес, қала көшелерін күзде, көктемде жыл сайын осылай су басып қалады. 

Валентина Ротт, қала тұрғыны:
-Жағдай осы, көшеде жүру мүмкін емес. Ешқайда бара алмай қалдық. Жолда жиналған су шашыраған кезде үсті басымыздан түк қалмайды. Өскемен қаласының коммуналдық қызметі неғұрлым жүйелі жұмыс істесе болар еді.

Айбек Қасайынов, «Таза Өскемен» КМ бөлім басшысы:
-Жиырма төрт сағат бойы жұмыс істеудеміз, техникамыз, адамдарымыз, ешкім үйінде демалып жатқан жоқ, яғни барлық жерде жұмыс жүргізілуде.