Хабар телеарнасы

Түркістан облысында жол-көлік оқиғасына қатысты ерекше акция басталды

Өңір полицейлері жол апатының алдын алу мақсатындағы сау тамтығы қалмаған көліктерді эвакуаторға тиеп, қала көшелерін аралады. Одан кейін республикалық маңызы бар жолмен жүріп өтті. Бұл бастама көлік жүргізушілеріне қалай әсер етті?

Мына көліктер жол апатына түсіп, жарамсыз болып қалған. Ауыр соққыдан тас-талқаны шыққаны көрініп-ақ тұр. Бұдан енді адамның аман қалуы мүмкін де емес. Сондықтан тәртіп сақшылары осы көліктерді жол бойымен алып өтіп, жүгенсіз жүргізушілерге ой салмақ ниетте. Мәселен, тасымалдаушы мына көліктердің сыртында «Қарама-қарсы бағытқа шықпаңыз. Бұл сіздің және өзгенің өміріне қауіпті» деген жазу бар. Осы арқылы көлік жүргізушілерін тәубеге келтіріп, тәртіп бұзбауға, жол ережесін сақтап жүруге шақырады.

Полиция қызметкерлері алдымен қала көшелерін аралады. Жай аралап қана қоймай, дауыс зорайтқыш құралдар арқылы жол апаты туралы деректерді жеткізді. Жылдамдықты асыру мен жол ережесін сақтамаудың салдары өте ауыр болатынын түсіндірді. Тәртіп сақшыларының тың идеясы тұрғындар мен жүргізушілерге ерекше әсер етті.

Бижан Бекбергенов, қала тұрғыны:
-Өз көзіммен көріп тұрмын қазір, қорқынышты. Адам тірі қалуы мүмкін емес. Сондықтан бауырларым барлықтарыңызға амандық тілеймін. Қай жерге барғанда да асықпай жүріп, аман-есен жетулеріңізге тілектеспін.

Елімізде жол-көлік оқиғасы күрделі мәселеге айналып отыр. Соның салдарынан бейбіт күнде жол үстінде қаншама адам жарақат алып, көз жұмуда. Имамдар да көлік апатынан қайтыс болатындардың көп екенін айтады.

Таңат Секебай, бас имамның көмекшісі:
-Міне біз көріп, жан түршігіп, қатты жүрген көліктердің салдарынан сонша адамның қаза болғанының куәсі болып жатырмыз. Қанша жиын, жаназаларда боламыз. Жол апатынан сақтануға барынша тырысайық.

Түркістан облысының полицейлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін күнделікті рейдтік іс-шаралар өткізеді. Бірақ соған қарамастан, сақтық шараларын ескермейтін жүгенсіз жүргізушілердің көп. Жыл басынан бері өңірдегі жол апатының 70% жылдамдықты асырудың салдарынан болған.

Асылхан Төреханов, облыстық ПД Жергілікті полиция қызметінің басқарма бастығы:
-Жол көлік оқиғалары былтырғы жылмен салыстырғанда 628-ден 636-ға өсті 4,1%. Оның ішінде қаза тапқандар 273-тен 240-қа 10% төмендеп отыр.

Жалпы жыл басынан облыстағы жолдарға 3 376 рет тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 4566 жол белгілері орнатылды. Тозығы жеткен 1 200 жол белгісі жаңартылды. Мектептердің алдындағы көшелерге сары түсті 279 белгі қойылып, жасанды жол кедергісі төселді. Түркістан қаласынан басталған акция 1 апта бойы облыстың 17 аудан-қаласында өткізіледі.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов