Хабар телеарнасы

Атырау облысындағы су нысандарының жайы көңіл көншітпейді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі ай бұрын құрылған жаңа министрлікке ауылды аймақтарды тіршілік нәрімен қамту көрсеткішін 100% жеткізу міндетін қойған. Жоспар бойынша 2025 жылға қарай 41 ауыл ауызсумен қамтылады. 52 ауылдық мекенде 1 мың 200 шақырым топтық су құбырлары салынады. Ал тозығы жеткен гидронысандар мен су арналарын жөндеу жұмыстары қашан қолға алынады?

Атырау облысындағы тұщы судың жалғыз көзі – Жайық өзені. Одан тартылған су арналары жылдар бойы жөнделмей, құмығып қалған. Бас-аяғы 15 канал бар десек, алтауында қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Солардың бірі – «Қурайлысай» арнасы.

Досымбек Жандаров, мердігер мекеменің өкілі:
-Жалпы каналдың тереңдігі 1,5 метр ғой, катловандар канал табынынан 2 метр төмен болады. Су деңгейінен 3 метрдің шамасында. Катловандардың ені 60 метр, ұзындығы табанында 200 метр болады. Судың сыйымдылығы 30 мың текше метрдей болады.

Су арнасы салынса, шаруашылықтардан бөлек, Мақат пен Махамбет аудандары да игілігін көрмек. Жергілікті қазынадан бұл жобаларға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Жалпы елде топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша ірі жобалар қолға алынды.

Су ресурстары және ирригация министрліг: «Құрылыс пен жөндеу жұмыстарын 2025 жылға қарай аяқтаймыз», - дейді.

Марат Иманалиев, топтық су құбырларын дамыту басқармасының басшысы:
-Біздің министрлікте 33 жоба іске асырылуда. Ол Ақмола, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында жобалар жүргізіліп жатыр. Оған 23,3 млрд қаражат бөлінген. Оның ішінде 11 жобалар - жаңа құрылыс. Сол жаңа құрылыстардың нәтижесінде 320 мың халық бар 85 елді мекенде су қамтамасыз етіледі.

Тасқынның алдын алу да - кезек күттірмейтін мәселе. Көктемде Арыс өзені тасығанда, Берген ауылындағы 10-нан аса үйді су басу қаупі төнген. Бұл жағдай қайталанбас үшін биыл елді мекеннен тысқары өтетіндей үлкен арна қазылып жатыр. Ені 25, биіктігі 15 метр болады. Бұған аудан бюджетінен 54 млн теңге бөлінген.

Болатбек Дәнебек, Ордабасы ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы:
-Арна басынан басталады 517 метр, ары қарай көпірдің тұсынан өзінің бұрынғы арнасына қосылып кетеді. Негізгі жұмысы осы айда бітті. Қазір арна пайдалануға дайын. Алдағы уақытта төтенше жағдай болмайды деп сенеміз.

Министрлік мәліметінше, елімізде жөндеуді қажет ететін тағы 41 гидротехникалық құрылыс қайта жаңғыртудан өткізілді. Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан облысындағы Чар және Түркістан облысындағы Шардара су қоймалары қалпына келтірілмек.

Авторлары: Дана Әлиева, Ербол Дайыров