Ақмола облысында кибер алаяқтарға алданғандардың саны азаймай тұр
Өңірде жыл басынан бері 100-ден астам осындай факті тіркелген. Оңай олжаға құныққандар дегеніне жету үшін түрлі әдіс-айла ойлап тапқан. Жалған жарнама беріп, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, аңқау жұрттың есепшотындағы ақшасын сыпырып алған. Мәселен, Степногорск қаласының үш тұрғыны солардың қармағына түсіп, сан соғып қалған.
Алаяқтар Ольга Коломиецке бір күнде 8,5 миллион теңгеге онлайн несие рәсімдеген. Олар банктің қауіпсіздік қызметінің маманы ретінде хабарласып, әлдекімдердің оның атынан қарыз алғанын жеткізген. Бұған сенген тұрғын қашықтан мобильді қосымшаны жүктеп алған. Ойлағаны оңай іске асқан киберқылмыскерлер ақшаны бірден жалған есепшотқа аударған.
Ольга Коломиец, қала тұрғыны:
-Не болғанын өзім де түсінбей қалдым. Іші-бауырыма кіріп, жаны ашып сөйлегеніне қарап, банк қызметкері деп ойладым. Сол кезде менің жалақым 140 мың теңге болған. Алайда олар үш несиеге 340 мың теңге деп есептепті.
Елена Куликовская да дәл осылай алаяқтардың тұзағына түскен. Болары болып, бояуы сіңген соң банкке барғанымен нәтиже болмаған. Ал Станислав Прищемихинның анасы тағам әзірлеу курсына қатысқан. Ақыр соңында 1,5 миллион теңгенің несиесін қалай рәсімдегенін байқамай қалған.
Елена Куликовская, қала тұрғыны:
-Банктің қауіпсіздік қызметіне хабарласып, алаяқтар ақша аударғалы жатқанын айттым. Олар «картаны бұғаттай алмаймыз, ол үшінші адамға тиесілі» деді. Кейін несиені тек екі айға шегерді. Бұл маған не керек? Кәмелетке толмаған екі балам бар. Отбасында мен ғана жұмыс істеймін. Үйім де, күйім де жоқ.
Станислав Прищемихин, қала тұрғыны:
-Анам келісімшартқа қарамаған. Несие деп мүлде ойламаған. Жасы 74-те, психикалық ауруы бар. Мен мән-жайды білген бас прокуратураға шағым жаздым. Олар басқа инстанцияларға бағыт сілтеді.
Полицейлердің айтуынша, оңай олжаға кенелгендерді құрықтау да оңай шаруа емес. Олар қылмысты басқа қалада немесе басқа елде отырып жасайды. Зардап шеккендер де кеш шағымданады. Бұл іздеуді қиындатады. Мәселен, өткен жылы 1121 кибер қылмыстың тек 17% ғана ашылған.
Ермек Манатов, облыстық Полиция департаментінің бөлім бастығы:
-Ақша алаяқтар алдын ала әзірлеген есепшоттарға жіберілген. Қазіргі уақытта қылмыстық істер санкцияланды, жауап келді. Банк шоттарының иелері анықталды. Оларды жедел іздеу шарасы жүргізілуде.
Өңір тұрғындарын кибер алаяқтардан қорғау үшін аймақта «Anti-fraud» жедел алдын алу шарасы іске асырыла бастады. Шара аясында тек бір күнде 13 интернет алаяқтықтың қылмысы ашылған.
Авторлары: Азамат Қасым, Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный