ШҚО-да құрылыс қарқын алды
2029 жылға қарай миллионнан астам отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы осыдан бір жыл бұрын өзінің сайлауалды бағдарламасында айтқан болатын. Қаңтар айынан бері еліміздің әр өңірінде 13 млн шаршы метрден астам құрылыс салынды. Тек Шығыс Қазақстан облысында 300 астам үй бой көтермек. Жүздеген отбасы мемлекеттік баспанамен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ облыста 25 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
6 баланың анасы Назгүл Әділханованың тұрмаған жері жоқ. Біресе үй жалдап, арасында туған-туысты жағалап күнелтіпті. Қазір бұл отбасы мемлекеттен жалға берілетін пәтерге көшкен. Айына бар болғаны 15 мың теңге төлейді.
Назгүл Әділханова, көпбалалы ана:
- Баспана деген ол өте маңызды кез келген отбасы үшін. Биыл өзіміз көптен күткен 9 жыл күткен кезегіміз кеп, осы пәтерге қол жеткіздік, өте ризамыз.
Енді мұндай қуанышқа бөленетіндер қатары көбейе түспек. Алдағы жылы өлкеде 83 көпқабаты үй салынады. 500 аса пәтер көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға беріледі. Шекарадағы ауыл аймақ та қамтылады.
Елді мекендерден 300 аса үй бой көтермек. Шалғайдағы жұрт үшін үймен қатар медициналық нысандардың маңызы зор. Мәселен, Ұлан ауданы Казачье ауылының тұрғындары басы ауырып, балтыры сыздаса болды 1 шақырым жердегі амбулаториялық мекемеге сабылып келді. 300 тарта тұрғыны бар ауылда жақында ғана алғаш рет медициналық пункт ашылды.
Рауза Оразаева, зейнеткер:
- Анау Герасимовкаға барып, 1 шақырым ары, 1 шақырым бері жаяулатып жалпылатып, ауруымызға қарамай сонда барып, сол жерден емделіп жүрдік. Міне, қазір енді біздің ауылға осындай ғимарат ашып берді. Өте жақсы, қуаныштымыз.
Еркежан Рахымжанова, медбике:
- Система, укол, привывка алады. Бірінші көмек көрсетеміз, врачтың өзі қабылдайды.
Тарбағатайдағы елді мекендерде осындай 8 медициналық пункт ашылды. Жыл соңына дейін Ұлан, Күршім, Глубокое аудандарында 10 мекеме қолданысқа беріледі.
Ал аймақтың экономикалық ахуалы өндіріс орындарына тікелей байланысты. Өлкедегі өнеркәсіптің 70% тау-кен металлургиясына тиесілі. Мемлекет басшысы кен өндіру және геология саласын жаңғыртуды әрі цифрландыруды тапсырған еді. Өскемендегі бағалы металлдар зауыты осы үдеден шығып, алдағы жылы автоматты жүйеге ауыспақ.
Раджан Чингалиев, зауыт директоры:
- 2026 жылы аффинажды зауыт жүргіземіз, бәрінің проектированиесін істеп жатырмыз келесі жылдары бәрін біз автоматикалық шығарамыз, ең күшті, ең жақсы автоматика біздің производствада болады.
Облыста литийдің 6 кен орны бар. Барланбағаны бұдан да көп екен. Сондықтан Үкімет тарапынан осы қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, инвесторларды тарту туралы тапсырма да берілді.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов, Дмитрий Пыхтин