Хабар телеарнасы

ШҚО-дағы технологиялық көпір бұзылады

Шығыс Қазақстанда Бұқтырманың үстінен салынған көпірдің қолданысқа берілгеніне бір жарым ай болды. Еліміздегі ең ұзын өткел алты бірдей аудан халқының барыс-келісін жеңілдеткен. Күрделі гидроқұрылым құрылысы басталмас бұрын «уақытша көпір» салынған еді. Қазір соны бұзу жұмыстары қолға алынған. Мамандар бұл технологиялық құрылғыны белгіленген межеден бұрын бұзып алуды жоспарлап отыр.

Бұқтырманың үстімен салынған ең ұзын көпір өңір халқының өмір тынысына өзгеріс енгізді. Бұрын суық түсе паромның жүрісі қиындап, жұрт су қоймасынан өте алмай әбігерге түсетін. Амалы құрыған соң, айналма жолмен сабылатын. Енді мінеки, логистика жеңілдеді. Отын, азық-түлік, астық өнімдерін тасымалдауда еш кедергі жоқ. Мұз үстімен жүруге мәжбүр болған қорқынышты күндер де артта қалды.

Жұматай Қарағызов, Күршім ауылының тұрғыны:

- Қазір міне, қандай рахат! Үш минутта өте шығасың, көпірден 3 минутта жүресің қазір, міне. Басынан аяғына дейін өте тиімді болып тұр.

Дегенмен өткел маңында әлі де қарбалас. Мұнда негізгі құрылымды салу үшін тұрғызылған «технологиялық  көпірді» бұзу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Уақытша көпірді бұзып алу оңай шаруа емес. Әсіресе осы кезде. Өйткені мінеки, Бұқтырманың үстін қазіргі мезгілде мынадай қалың тұман басып қалады. Бұндай ауа райы бірнеше күнге созылуы мүмкін. Бұл материалды жағаға жеткізетін баржаның жұмысын қиындатады.

Уақытша көпір өз міндетін атқарды. Ендігі міндет – оны бөлшектеп, бұзып алып тастау. Қазір бұл жауапты іспен 30 маман айналысып жатыр.

Алексей Трусов, кран жүргізушісі:

- Байқап қарасам, 10 шақты көпір салуға атсалысыппын. Бірақ соның ішінде күрделісі осы Күршім көпірі. Ең бір әдемі әрі ауқымды жобаға қатысқаныма ерекше қуанамын. Қазір міне, уақытша өткелді бұзып жатырмыз. Мұз қатпай тұрып көп шаруаны аяқтап, мерзімінен ерте бітірсек деген ойымыз бар.

Қазір демонтаж жұмыстарының 50%-і аяқталды. Ең алдымен су кемелерінің жолын ашу үшін құрылғының орта тұсы алыныпты. Күн райы күрт бұзылатын өлкеде әр сағатты үнемдеуге тура келеді. Сондықтан суыққа қарайтын шама да жоқ, - дейді мұндағылар.

Саттар Жықанов, жұмысшы:

- Суық қой кішкене. Суық болады, түк етпейді. Оған біз төзген адамдармыз, біздің жер осылай ғой енді Күршім ауданында.

Мамандардың айтуынша, технологиялық көпір жыл соңына дейін толық алынады. Ал келесі жылы тәулігіне 80 мың көлік өткізуге қауқарлы өткел маңына үлкен саябақ салынып, туристік нысандар бой көтереді деп жоспарланған.

Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов