Ұлытау облысында ауылдар азайып барады
Ұлытау – еліміздегі урбанизация деңгейі ең жоғары облыс. Халқының 80% қалада тұрады. Соның кесірінен кейбір ауылдарда мектептер жабылып жатыр. Биыл тағы бір білім ұясының есігіне қара құлып ілінді. Бұл олқылықтың орнын «Оңтүстіктен-солтүстікке» бағдарламасы толтыруы тиіс. Жоба қалай жүзеге асып жатыр?
Шымкенттен Жезді кентіне қоныс аударған Бәкеновтер отбасының бүгінде тұрмысы түзу. Отағасы Медет Бәкенов өндірісте еңбек етсе, оның жолдасы мектепте мұғалім. Мемлекет 4 бөлмелі үймен қоса отбасының әр мүшесіне 241 мың теңгеден біржолғы көмек берген.
Медет Бәкенов, Жезді кентінің тұрғыны:
- Үй берді, ақшалай көмек берді. Жұмысқа тұрдық. Былайша жақсы жағдайдың бәрі. Халық жақсы қабылдады.
Ұлытау – «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» бағдарламасына биыл қосылған облыс. Соның аясында 120 адамнан тұратын 26 отбасы көшіп келуі тиіс еді. Бірақ жоспардың тек 60% жүзеге асқан.
Нұржан Орынбаев, жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы:
- Жоспардың орындалмай отырған себебі – өңірлерде үйлердің дайын болмауы. Мысалы, көшіп келетіндерді қабылдайтын ауылдық округтерде үйлердің де болмауы.
Сондықтан дайын тұрған үйлерді сатып алып немесе бюджет есебінен үй салып беру жағы қарастырылып жатыр. Биыл қоныс аударған 5 отбасыға баспана сатып алуға 18 млн теңге берілді. Бағдарлама келер жылы да жалғасады. 32 отбасыға квота бөлінген. Олар тұрғын саны аз деген ауылдарға қоныстанады. Себебі оқушы тапшылығынан мектептер жабылу алдында тұр.
Сапура Төлекова, білім басқармасының басшысы:
- Жаңаарқа ауданының Байғұл станциясындағы бастауыш мектепте 5 бала оқып жатыр. Бірақ мектепке дейінгі бала саны 4 бітіріп кететін балалардың орнын толтырады деген болжам жоқ. Сондықтан бұл мектепті де жауып, қалатын 3 баланы Жаңаарқа кентіндегі интернатқа ауыстыру жоспарланып отыр.
Елдос Кәкенов, тілші:
- Мамандар урбанизация бәсеңдемейді деген болжам айтады. Елсіз қалған ауылдарға халықты қоныстандыруға жалғыз көші-қон жобасы жеткіліксіз. Мәселе – инфрақұрылымды жетілдіруде. Ауыл халқының қалаға ағылуының басты себебі жайлы тұрмыс қана.
Елдос Кәкенов