Ұлытау облысында 15 жылу қазандығы жаңартылды
Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында жылу беру маусымына әзірлік жұмыстары толықтай аяқталды. Әбден тозығы жеткен 3,2 шақырым құбыр жаңартылып, жаңадан 15 шағын жылу қазандығы қойылды. Өңірде жылыту маусымы 10 қазанда басталады. Дегенмен жауапты кәсіпорын мамандары: «Күн салқындаған жағдайда әлеуметтік нысандарға жылуды ертерек береміз»,– дейді.
Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінде әлеуметтік нысандардан бөлек, 102 көпқабатты тұрғын үй орталық жылу желісіне қосылған. Оларға 7 автономды қазандық қызмет көрсетеді. Өткен маусымда жылу тапшылығы сезілген соң, биыл тағы бір шағын жылу орталығы салынды. Мұндағы 4 қазандық 40 мың шаршы метр аумақты жылытуға қауқарлы. Жылу беру маусымына дайындық барысында өткен жылы кеткен кемшіліктер ескерілген. Яғни жылу құбырының тозығы жеткен бөлігі жаңартылды. Бұл жұмыстарға аудан қазынасынан 325 млн теңге жұмсалды.
Қанат Қожықаев, Жаңаарқа ауданының әкімі:
-Жалпы 3 автономды жылу орталықтарын, оның ішінде 6 локалды қазандықты және 3,2 шақырым магистралды жылу желілерін ауыстыру жоспарланған болатын. Одан бөлек қосымша біз қазандықтарға ұңғыма қаздық дербес су алу үшін. 15 жылу беретін қазандықты айырбастадық.
Жылуға жауапты кәсіпорын қазір отын қорын жасақтауға кіріскен. Әзірге 1,5 мың тонна көмір жеткізілді. Аталған мекеменің бас инженері Жарқын Имашев: «Бұл бастапқы кезеңге жеткілікті»,– дейді. Ал жалпы қажеттілік 20 мың тонна. Өңірде жылыту маусымы 10 қазанда басталады. Дегенмен күн суытса әлеуметтік нысандарға жылу мерзімінен бұрын беріледі.
Жарқын Имашев, жылумен қамту кәсіпорнының бас инженері:
-Қазір опрессовка су жылу құбырына жіберіліп тұр. Көпқабатты үйлердің тұрғындарының пәтерлеріне ескерту беріліп, ол кісілер аққан жерлері болса үйдің ішін дайындап жатыр.
Жылумен қамтитын мекеме коммуналдық меншікте. Отын тасымалдайтын техникалары мен қазандықтардың негізгі жабдықтары тозған. Сондықтан келер жылы кәсіпорын «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына қатысуға ниетті.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев