Шымкенттегі адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Шымкентте Фосфоршылар сарайында болған адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске салсақ, кеше кешкісін ондаған жылдан бері қаңырап бос тұрған мәдениет үйінің бетон жаппасы құлап, бір адамды басып қалған. Құтқарушылар 18 жастағы бозбаланың денесін арнайы техниканың көмегімен алып шығарды.
Қайғылы жағдайдан кейін қараусыз қалған мәдениет үйінің аумағы қоршауға алынып, күзет қойылды. Апатты деп танылған бұл нысан жақында ғана мемлекет қарауына қайтарылған еді. Сөйтіп көпфункционалды жастар сарайы ретінде қайта құру жоспарланған.
Асқар Шәріп, қалалық ТЖД ресми өкілі:
- Қараусыз қалуына байланысты оның барлық құрылыс жобасы сапасы толық төмендегеннен кейін оған негізі кіруге қатаң тыйым салынған болатын. Ашу барысында мәйіттің жарты метр тереңдікте жатқаны анықталды. Біздің авариялық құтқару қызметі, ТЖД 23 қызметкері және 9 техникасы, апаттар медициналық ортағының 3 қызметкері және 1 техникасы сол жерде авариялық құтқару жұмыстарын жүргізді.