Елордадағы қызылшаның таралуы бойынша ахуал қалай?
Ел бойынша жағдай ушығып тұр. Бір ғана елорданың өзінде тәулігіне 350 жуық науқас дертке шалдығады. Жансақтау бөлімінде жатқандардың дені – балалар. Бұл министрлік келтірген мәлімет.
Бұл – бас қаламыздағы №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы. 475 орынға шақталған емдеу мекемесінде 250 науқас ем қабылдап жатыр. Қызылша жұқтырғандардың 60% – 5 жасқа дейінгі балалар.
Нұршай Әзімбаева, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы:
- Бұл – үлкен көрсеткіш. Егер де адамдардың арасында бір адам тұмауға қарсы екі адамды жұқтыратын болса, мысалы, бір кездескен кезде, ал қызылша ауруы бір ортада отырғанда 17-18 адамға дейін бірден жұқтыруы мүмкін.
Жұқпалы аурулар бөлімшесіндегі 240 астам науқастың жағдайы орташа. Ал жансақтау бөлімінде 9 бала өмір үшін күресіп жатыр.
Жанар Бөкенова, №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Сол 9 баланың ішінде төртеуінің жағдайы күрделі. Өмір мен өлім арасындағы арпалыс. Қолымыздан келгенін жасап жатырмыз. Бір тәулік ішінде 270 астам науқас қаралса, кемінде 40-50 адамнан қызылша анықталуда.
Елорда бойынша тағы 25 баланың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Оның 13-і – 1 жасқа дейінгі балалар. Әрбірі ақ халатты абзал жандардың жіті бақылауында.
Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
- Астанада 1100 төңірегінде. Күніне бізде 320-350 дейін қызылшамен ауырғандар тіркеліп отыр. Соңғы кезде мына бізде инфекциялық ауруханаларда 2050 жуық бала емделіп жатыр. Күніне 300 жуық бала түсетін болса, суткасына 220 адам емделіп шығып жатыр.
Қазір қызылшаның таралу қаупі жоғары. Қашан сейілетінін ешкім тап басып айта алмайды. «Ауруды жұқтыру көрсеткіші вакцина алмағандардың кесірінен көбейіп жатыр», - дейді ведомство мамандары.
Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
- Жеке өзінің жеке басының принциптері дейді ғой, «бұл керек жоқ» немесе «өзімнің денсаулығым бар, ауырмаймын, бұған дейін де укол алмағам» деген де адамдар бар. Ол – 58%. 22% діни наным-сенімдерге байланысты, әсіресе дәстүрлі емес діни ұйымдардың бағытындағы адамдар көбінесе сенбейді.
Ведомство мәліметінше, қазір елордадағы емдеу мекемелерінде вакцина қоры жеткілікті. Қажетті ем-дом еш кедергісіз, уақытылы жасалады.
Мамандар айтуынша, 1 мен 5 жас аралығындағы 1 млн бала жоспарлы вакциналаудан өтсе, аурудың беті қайтады деген болжам бар.
Саян Есжан, Айдос Меделбеков