Хабар телеарнасы

Елордада үздік журналистер марапатталды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің бірнеше Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері марапатталды. Наградаларды Мемлекет басшысының атынан Президенттің кеңесшісі және Баспасөз хатшысы Берік Уәли мен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады.

Журналистика саласында ерең еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосқан  ардагер журналистерге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілсе, бірнеше журналист «Құрмет» орденімен марапатталды.

Президент Жарлығымен берілген тағы бір марапат – «Ерен еңбегі үшін» ордені және Президенттің алғысы болды.

Бұдан бөлек, бірнеше БАҚ өкілдері және Төтенше жағдай кезінде тынымсыз еңбек еткен сол саланың баспасөз хатшысы Мәдениет және ақпарат министрінің Жарлығымен «Ақпарат саласының үздігі» атанды. Мемлекеттік және ведомствалық марапатқа ие болғандардың арасында «Хабар» Агенттігінің өкілдері, соның ішінде «Хабар» арнасының шығарушы редакторы Болат Кәкібала, жаңалықтар бөлімінің бас режиссеры Құралай Жұмаділова және бейнеинженер Дулат Ентекбаев бар. Министрмен кездескен аға журналистер тарапынан елімізде Медиаиндустрия академиясын ашу туралы ұсыныс айтылды.

Ермахан Шайыхұлы, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ аға оқытушысы:

- Бұл еңбегіміздің еленгені жақсы. Осы журналистика саласында жүргенімізге 40 жылдан аса уақыт болыпты. Міне, осы жылдар ішінде Қазақстанның бүкіл Бұқаралық ақпарат құралдарында, газет-журналдарында, радиода, телевидениеде, тіпті баспада да қызмет атқардық. Міне, сол бүкіл еңбегіміз бүгін еленді. Соған лайықты құрмет көрсетіліп жатыр.

Дулат Ентебеков, «Хабар» Агенттігі» АҚ «Хабар» арнасының бейнеинженері:

- Мен үшін бұл тосынсый болды. Еңбектің еленіп жатқанына қуаныштымын.

Журналистика саласының өкілдерімен кездескен басшылар Бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттің дамуындағы маңызды рөлін атап өтті.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі - Баспасөз хатшысы:
- Мемлекет басшысы үнемі БАҚ-на шыққан материалдарға назар аударып, газеттерді оқып, телевиденияны қарап, сайттарға көз жүгіртіп отырады. Оның барлығын үнемі назарында ұстайды. Арнайы тапсырмалар беріп, соның шешу жолдарын көрсетіп жатады. Сол себептен Сіздердің қоғамдағы рөлдеріңіз өте зор. Нақты шын мәнісінде, төртінші  билік деген атқа лайық екендіктеріңізді осы кезеңде дәлелдеп жүрсіздер.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Айтылмайтын жабық сұрақ жоқ. Барлық көкейкесті мәселелер айтылып, қоғамда талқыланып, өзінің шешімін тауып жатыр. Бұл дегеніміз сол арқылы осы Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері біздің қоғам мен биліктің арасындағы алтын көпір болып қалыптасқанын көрсетеді.