Хабар телеарнасы

Елордада ерекше балаларға инватакси қызметі көрсетілмей қалуы мүмкін

Арнайы тізімнен шығып қалу қаупін айтып, бір топ тұрғын арнамызға хабарласты. Мәселе, мынада - бұрын үйден мектепке немесе үйірмеге инватаксимен өзі бара алатын балаларды жақындары мінгізіп, жүргізушінің бағытын телефон арқылы бақылап отыра алатын. Жаңа ережеге сай, қасында тек ата-анасы бірге жүруі керек. Ол дегеніңіз, бір ата-ана жұмыс істемей, баласын апарып-әкеліп жүруі тиіс. Ал балаларын жалғыз өсіріп отырғандар не істеуі керек? - деген сұрақ туындайды.

Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін «Инватаксидің» орны ерекше. Ерекше баланы тәрбиелеп отырған ана Гүлнәр Мырзабекованың айтуынша, қоғамдық көлікке міне қалса тұрғындар мен көлік жүргізушісінен қысым жиі болады. Бұл балаға кері әсер ететін көрінеді.

Гүлнәр Мырзабекова, ерекше баланың анасы:

- Біздің балалар автобусқа мінген кезде алдымызда отырған адамды тебеді. Немесе айқайлайды, шыңғырады. Қоғамдық жерде біз еркін жүре алмаймыз. Мектепке барсақ та, жиі анализ тапсырамыз. Поликлиникаға барамыз. Бірінші городскойға Қошқарбаеваға жеткенше 1 сағат, біздің балаларымыз шыдамайды. Сондықтан біздің балаларымызға инватакси керек.

Қоғам белсендісі Гүлсән Мауинаның айтуынша, Алматы, Қарағанды, Теміртау сияқты басқа қалаларда ақыл-ойы кем балалар үшін арнайы жеңілдіктер бар. Ал Астанада мәселе күрделі. Балалары бір күнде мектепке, медициналық тексерулерге, түрлі спорт үйірмелеріне баруы тиіс. Қазір инватаксимен қатынап жүргендер үшін де ереже өзгерген екен.

Гүлсән Мауина, Астана қалалық «Ерекше балалар ата-аналарының одағы» РҚБ филиалының жетекшісі:

- Бізге ақыл-есі кем балаларға мұндай анықтама беруге тыйым салатын бұйрық шықты. Олар IPR-да жеке көмекші көрсетілуі керек,- деді. Педиатр дәрігер ереже өзгергенін айтты. Денсаулық сақтау министрлігінен бұл анықтама бірінші топтағы балаларға ғана беріледі, - деп қағаз келді. Емханаларда тек ВКК сертификатын береді. Дәрігерлер мен әкімдіктің сылтауы көп.

Мәселе мынада – бұрын үйден мектепке немесе үйірмеге инватаксимен өзі бара алатын балаларды жақындары мінгізіп, жүргізушінің бағытын телефон арқылы бақылап отыра алатын. Қазіргі ережеге сай, қасында тек ата-анасы бірге жүруі керек. Ол деген бір ата-ана жұмыс істемей, баласын апарып-әкеліп жүруі тиіс. Ал балаларын жалғыз өсіріп отырғандар не істеуі керек? - деген сұрақ туындайды.

Ақтөбеден бір жыл бұрын көшіп келген Мәдина Болатова ерекше баласына елордада инватакси мүлдем берілмегенін айтады. Ал қоғамдық көлікке мінсе, балаңды дұрыс тәрбиелемепсің, жолаушылардың мазасын алды,- деп жүргізуші шығарып жіберіпті. Жағдайды түсіндіруге тырысқанымен, тыңдамаған. Күнде таксимен қатынауды қалтасы көтермейді.

Бұл мәселені Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин көтерген. Айтуынша, бір жылда бір ғана Маңғыстаудан елордаға 3 мыңдай мүгедектігі бар азамат емделуге келеді. Көлік министрлігінің 2013 жылғы бұйрығына сәйкес мүгедектерге инватакси өздерінің тұрғылықты жерінде ғана қызмет көрсетеді.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 11 жыл өтті. Цифровизация заманы. Неге соны ұйымдастырмайсыздар. Тиісті министрліктер мен әкімдіктермен бірге. Осылай біздің мүгедектеріміз қиындық көріп жүре береді ме? Неге инватакси ұйымдастырмайды. Ондай адамдар көп емес қой.

Енді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Көлік министрлігі бірлесіп, мүгедектерді тасымалдау қызметтерінің ережелеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, аутизм спектрінің бұзылуы, психикалық артта қалу диагноздарын жеке баптарға бөлу жоспарланған. Өзгерістер әлі заңды күшіне енген жоқ. Ал қала әкімдігі ай сайын 2 мыңға жуық мүгедектігі бар адамға 147 автокөлік қызмет көрсететінін мәлімдеді.

Айнұр Әбубәкірова, Астана қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының әлеуметтік жобалар және объектілерге қолжетімділік бөлімінің басшысы:

- Жылдың басынан бастап, қызмет көрсету барысында бізде арба қолданбайтын балаларға 71 автокөлік көрсеткен кезде, оқу жылы басталған кезде автокөлік жетіспеушілігі бар. Жалпы қызметке 1 млрд 300 млн-дай ақша бөлінген еді. Бір көлікке төрт баладан емес, екі бала, екі ата-анасы ғана сыйады. Сол себепті автокөлік саны аз болып тұр.

Шенеуніктердің сөзінше, арнайы көлікке өтініш берушілер саны өсіп келеді. Нақты қаншаға артқаны белгісіз. Дегенмен осыған байланысты инватакси қызметін алушыларды толық қамту үшін қосымша қаражат сұралатынын айтты. Алайда бұл мәселенің қалай, қашан шешілетіні әзірге беймәлім.

Диана Қадыр, Болотбек Табалдиев