«Көне Тараз» тарихи этномәдени кешенінде әлі күнге жылу жоқ
Таразда 2019 жылы қолданысқа берілген «Көне Тараз» тарихи этномәдени кешенінде әлі күнге жылу жоқ. Ал ондағы 5 мекеменің мамандары қыста электр құрылғыларымен жылынуға мәжбүр. Жергілікті билік болса мәселені шешуді биыл ғана қолға алғандай. Жауаптылар жылу желісі жоқ нысандарды қалай қабылдаған?
Тараздың қақ ортасындағы «Көне Тараз» кешені 4 жыл бұрын салтанатты түрде ашылған еді. Жобаға 3,2 миллиард теңге жұмсалған. Сол кезде 5 нысанның біріне «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау дирекциясы» орналасты. Бірақ мекеме басшылығы су жаңа ғимаратты теңгеріміне алуға асықпаған. Себебі нысанда жылу жүйесі мүлдем жоқ. Салдарынан қызметкерлер суық жерде жұмыс істеуге мәжбүр.
Ержан Сланов, «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» бас инспекторы:
-Сырт киіммен жүруге тура кеп тұр. Жылу жүйесі қосылмаған. Бастапқыда салынбаған. Ал қазіргі кезде электр батареяларымен жылытылып отыр. Аяздың кезінде едендегі кафель плиталардың жарылғандығы орын алып отыр.
Біз қазір Көрме павильонындамыз. Әдетте жаз бен көктемде мұнда ірі халықаралық көрмелер ұйымдастырылады. Ал қыста қаңырап осылай бос тұрады. Себебі жылу жүйесі жоқ мекемеде ауа температурасы тым төмен. Ал алда-жалда іс-шара бола қалса, мұндағы мамандар мынадай жылыту қондырғыларымен амалдап, ғимаратты бірнеше күн бұрын жылытып дайындап отырады.
Көне Тараз кешеніндегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде де жылу жоқ. Жоспар бойынша кешен күн панельдері арқылы өз-өзін жарық және жылумен қамтуы тиіс еді. Бірақ инновациялық жоба алғашқы жылы жұмыс істегенмен, кейін істен шыққан. Оған қоса арнайы маман да табылмапты. Енді жылу құбырларын жүргізу үшін қайта қаржы қажет.
Қайрат Исмаил, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:
-Блокты модульді қазандық қойылатын болады. Оған біз ЖСҚ әзірледік. Бүгінде сол кешендерді жылу жүйесін автономды тәртіпте іске қосу үшін 432 млн тг ЖСҚ әзірленді. Бұл жұмыстар сәуір айынан бастап іске асырылатын болады.
Әкімдік мердігерді сотқа берген. Бірақ сот 3 жылдық кепілдік мерзімінің өтіп кетуіне байланысты шара қолданбапты. Енді мәселені шешу үшін қала әкімдігі қосымша қаржы бөлмек.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә