Елімізде жарық беретін мекемелердің жартысынан астамы тозған
Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты. Ал Премьер-министр Әлихан Смайылов: «Қазақстанда электр қуатының тапшылығы болуы мүмкін. Сондықтан оған алдын ала қамдану қажет»,— дейді. Электр энергетикасы саласында тағы қандай мәселелер бар?
Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Айдарлы ауылында жарық күнара сөнеді. Себебі электр желілері әбден ескірген. Амалы таусылған жергілікті тұрғындар соңғы уақытта сымдардағы ақауды өздері жөндеуге көшкен. Өйткені жауаптылардан қайран жоқ. Аудандағы 40 шақты ауыл осындай күн кешіп отырғанын бұған дейін де көрсеткенбіз.
Мұратбек Салықов, Айдарлы ауылының тұрғыны:
-Бір жел болса жарық сөніп қалады. Желтоқсанның басында үш күн жарық болған жоқ. Содан жаңа жылдың алдында 29-30 күндері свет болған жоқ. 30-күні ауылдың жігіттері өздеріміз жиналып, өзіміз тауып, істедік.
Аталған аудандағы электр қуатын беретін мекеме жекенің қолында. Сол себепті де жергілікті әкімдік мәселені жедел шешу қиын боп тұрғанын айтады. Мұндай проблема қазір еліміздің біраз аймағында бар. Себебі жарық өндіретін кәсіпорындардың 56% халі мүшкіл.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
-Бүгінгі таңда елімізде 220 электр станциясы жұмыс істейді, оның ішінде жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын 144 ЖЭК объектісі бар. Осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жалпы қолда бар қуаттың көлемі 20,4 ГВт, жұмыс қуаты 15,4 ГВт құрады. Осы күзгі-қысқы кезеңде тұтыну максимумы – 16,6 ГВт, ал генерациялау максимумы 15,1 ГВт құрады.
Министрдің баяндамасынан байқағанымыздай, жарық тапшылығы қазірдің өзінде сезіле бастаған. Мәселен, өткен жылы қазақстандықтардың электр энергиясын тұтыну көлемі сағатына 115 млрд кВт болса, өндіру 113 млрд кВт-қа әрең толған. Жетпегенін көрші елдерден импорттап отырмыз.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
-Электр энергетикасы ел экономикасының тамырына қан жүгіртіп, тұрақты дамуға негіз болатын бірегей сала. Мемлекет басшысы өз Жолдауында кемінде 14 ГВт көлемінде қосымша қуат көздерін іске қосуды тапсырды. Еліміздегі энергия балансын сақтау үшін батыс облыстардың газ қуаттарын тарту жұмыстары жүргізілуде. Солтүстік және оңтүстік аймақтарда генерациялау көлемін ұлғайтуға басымдық берілді. Атап айтқанда, биыл Екібастұз ГРЭС-1-де 1-ші энергия блогын қалпына келтіру жобасын аяқтау жоспарланып отыр.
Энергетика саласында маман да тапшы. Электр қуатын өндіретін кәсіпорындардың өзіне қазір 4,5 мыңға жуық қызметкер қажет. Жауапты министр: «Мұны жоғары оқу орындарына көптеп грант бөлу арқылы шешеміз»,—дейді. Алайда энергетик болғысы келетін жастар жоқтың қасы.
Серік Төтебаев, Энергетика саласының ардагері:
-Алматыдағы энергетикалық университет профильный, әдейі дайындайтын теплоэнергетик мамандарын, соған жас балалар бармай жатыр. Енді оны бір технический ма басқаша шешу керек.
Одан қалды сала қызметкерлерінің еңбекақысын да көтеру қажет. Себебі олардың айлығы 200 мың теңгеге де жетпейді.
Жиын соңында Үкімет басшысы өңір әкімдеріне электр қуатын өндіретін мекемелермен тығыз жұмыс істеп, оларды дамытуды қолға алуды тапсырды. «Коммуналдық кәсіпорындар да өз кезегінде салаға инвестиция құйып, қондырғыларын жаңартып отыруы тиіс. Алайда аймақтарда мұндай жанашырлық байқалмайды»,— дейді Премьер-министр.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков