Үшқоңырды меншіктеп алған кімдер?
«Үшқоңыр Алатаудың қойнауында, Әкемнің ізі қалған жайлауында, Қасқасу гүр-гүр тасып, гүлі еркелеп, Арқардың жайылатын аймағында»: күллі қазақ осы әннен білетін әйгілі Үшқоңыр үстірті халықтың игілігінде емес, оның аумағын әлдекімдер қоршап адамдарды жолатпайды екен. Ал сол атыраптағы ауыл тұрғындарына малын жаятын жер жоқ.
Мақсат Толықбай Мәжілісте осы мәселені көтеріп, Бас Прокурор мен Үкіметке AMANAT партиясының атынан депутаттық сауал жолдады. Үшқоңыр үстіртінің жерлері Іле Алатауы паркіне қарасты аумақ болғандықтан арнайы мақсаттағы жер болып саналады. Оны жекеге беру заңсыз. Алайда 2004 жылы осы аумақтың жүздеген гектар жері «ДүниеАгро» компаниясына өтіп кетіпті. Жергілікті Прокуратура: «Жер заңсыз берілді»,— деп сотқа арыз түсірген, сот оны қанағаттандырмаған. Оның сыртында осы Үшқоңыр үстіртінде «Steppe AgroMeat», «Breeding Company» сияқты компаниялар 14 мың гектарға жуық жерді мақсатсыз иеленіп отыр екен.
Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Алматы облысындағы Үшқоңыр үстіртіне барар жолды басынан-аяғына дейін қаруланған топ күзетеді. Жан баласын жуытпай, тауды айналдыра қоршап тастау – барып тұрған бассыздық. Қарасай ауданының тұрғындары өз жеріне өз малдарын жая алмай, пұшайман күйде отыр. Біз AMANAT партиясы жайылым тапшылығын шешу үшін арнайы «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен Республика бойынша 9 миллион гектардан астам жер қайтарсақ, ал оның осы аймақтан 1400 гектары ел игіліне беріледі. Сөйтсек онымыз бекер екен, «аманаттық» ағайын!