«Халық» қайырымдылық қоры: қорытынды мен жоспар
Тәні саудың – жаны сау. Бұқаралық спортты дамыту керек деген тағы бір міндет бар. Ол үшін спорт нысандары әсіресе ауыл халқы үшін қолжетімді болуы керек. Бұған «Қазақстан халқына» қоры ғана емес, қаржысы мол қайырымдылық қорлар да қол ұшын созса дейсің.
Мысалы, «Халық» қоры елімізде әлеуметтік-қайырымдылық жобаларды жүзеге асыруға 50 млрд теңгесін жұмсапты. Соның 3,5 млрд сомасы Маңғыстау облысын дамытуға арналған екен. Нәтижесінде елді мекендерде дене шынықтыру-сауықтыру кешені, балалар мен ересектерге арналған спорттық және ойын алаңдары салынған. Су тұщытатын қондырғылар пайда болды. Алдағы тағы бір игілікті шаруа – Бейнеу астық терминалын қайта іске қосу жоспарда бар. Сөйтіп тағы 200 адамға жұмыс табылайын деп тұр.
Әлеуметін де назардан қалдырмайтын бизнестің жауапкершілігі дегеніміз міне, осы. Осылайша «Халық» қоры 2023 жылдың қорытындысына сәйкес Маңғыстау өңіріндегі «Үздік меценат» атанды.
Жаңаөзен қаласының 55 жылдығына орай 20 спорттық және балаларға арналған ойын алаңы қолданысқа берілді. Игі шара Halyk қайырымдылық қорының мерейтойға арнаған тартуы. Әрбір алаң тұрғындардың спортпен шұғылдануы үшін толық жабдықталған. Мұндай әлеуметтік жобаны жаңаөзендіктер көптен күтіп жүрген еді.
Мұрат Егдірбаев, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
- Бұрын балаларымыз мектептерге, басқа көшелерге барып доп ойнайтын болса, қазір қасымызда. Көзіміздің алдында рахаттанып ойнап жүр. Поляға төселген газонның өзі кәдімгі заманға сай, әдемі болып шыққан. Мұның жарығының өзі жақсы, кешке қарай жап-жарық болып тұрады.
Алмажай Имашева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
- Балалар ойнайтын алаң қауіпсіз. Мына жерде қорғандары бар, сосын мына жерде отыратын арнайы отырғыштар бар. Көпбалалы аналарға өте ыңғайлы. Себебі өзімнің 5 балам болғаннан кейін алаңсыз балаларымды жіберіп, ойнатып отырамын. Осы алаңды орнатып берген «Халық» қорына үлкен рақмет айтамыз.
Маңғыстау облысында сапалы ауызсу тапшы. Әсіресе Сайын Шапағатов елді мекенінің тұрғындары судың зардабын әбден тартып келген. «Халық» қорының қаржылай қолдауымен елді мекенде су тұщытатын қондырғы іске қосылды. Жоба аясында бес адамға жаңа жұмыс орны ашылды.
Мерей Ізбасаров, тұщыту қондырғысының бас инженері:
- Суды скважинадан аламыз. Үш кезеңді тазартудан өтіп, су тұщытылады. Халыққа су беріліп отыр қазіргі таңда. Төрт операторымыз бар жұмыс жасайтын кезектесіп, халыққа үздіксіз су беріліп тұр қазір, ауылға. Күніне 2 мың, 2,5 мың куб су тұщытамыз. Ауылда судан ешқандай проблема жоқ.
«Халық» қайырымдылық қорын 2016 жылы кәсіпкерлер Тимур және Динара Құлыбаевтардың құрғаны мәлім. Бүгінгі күнге дейін қор қызметкерлері еліміз бойынша 120 астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Осы мақсатта 50 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды.
Нариман Әбілшайықов, «Халық» қорының басқарушы директоры:
- Күнделікті жасалып жатқан ірі жобалар да бар. Мысал ретінде Астана қаласында көпқабатты үй салып отырмыз. Қостанай облысында Әулиекөл ауданында 280 орындық жаңа балабақша салайын деп жатырмыз. Бұл жұмысты өзіміз жан-жақты жасаудамыз. Қазақстанға қажетті бүкіл жұмысты бірге жасауға тырысудамыз.
«Халық» қайырымдылық қорының бастамасымен Қазақстанда JOLTAP жобасы да жалғасып келеді. Оның аясында қала тұрғындары екі бірдей қысқа мерзімді оқу бағдарламасын тегін меңгере алады. Алғашқы бағдарлама бойынша бес түрлі жұмысшы мамандығын үйренуге мүмкіндік берілсе, екіншісінде жеті түрлі бағыт бойынша цифрлық сауаттылықты арттыру дәрісі өтеді.
Құралай Жұбанова, модульді бекет кеңесшісі:
- JOLTAP әлеуметтік жобасы аясында Астана қаласында 10 модульді бекет жұмыс жасап тұр. «Баршаға мүмкіндік» деп аталатын бекетте мамандарымыз халыққа тұрғын үй бағдарламасы, бизнеске арналған гранттар, әлеуметтік қорғау және жұмысқа тұруға қатысты сауалына ақпарат беруге әзір.
«Халық» қоры биылғы жаңа жылда да мұндай жобаларды жалғастыра бермек. Соның ішінде Маңғыстау өңірінің әлеуетін одан әрі арттыруға сүбелі үлес қосуды жоспарлап отыр. Оған бір мысал ретінде Ақшұқыр ауылында су тұщытатын зауыт құрылысы басталатынын айтуға болады. Осы мақсатта қор тарапынан 300 млн теңге бөлініп қойылған.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев