Ақтөбелік ата-аналарды желідегі ақпарат дүрліктірді
Белгісіз біреу «телеграмм» парақшасында «26 қаңтар күні оқушыларды жайратып саламын» деп жазған. Қару-жарақтың фотосын жүктеп, облыс орталығындағы ондаған мектепте қанды-қырғын жасауды жоспарлағанын жазған. Бұл деректі тәртіп сақшылары тексеріп жатыр.
Сонымен қатар мектептерде қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Білім ошақтарының маңын полицей жасақтары күзетіп жүр. Облыстық білім басқарамасының өкілдері бүгінгі сабақтар кестеге сай өтіп жатқанын хабарлады.
Әсет Қалиев, Ақтөбе қаласы полиция басқармасының бастығы:
- Осы факті бойынша полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін сотқа дейінгі тергеп тексеруді бастады. Осы ақпаратты таратқан тұлғалар анықталып, елдің заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады. Азаматтардан арандатушылыққа берілмеуді сұраймыз.