Балалар үшін қауіпті онлайн ойын анықталды
Қоғамда балаларды онлайн ойыннан құтқару міндеті туды. Бұған дейін «Көк кит» деп алатын ойын әуреге салған. Енді жеткіншектерді қашуға, биіктен секіруге итермелейтін тағы бір қосымша үрейлендіріп отыр. Қауіптің алдын алу шаралары білім ордаларында қалай жүріп жатыр? Ата-аналар қауіпті ойыннан алыстата ала ма?
«Шатырдан секір, үйден қаш». «Сен батырсың!». Қазіргі балалардың онлайн ойында естіп жүрген тіркесі. Екі баланың анасы Сымбат Айтпаеваның айтуынша, есі енді ғана кірген баласының еркелеп емес, мінез көрсетіп, белгісіз біреудің тапсырмасын орындап жүргенін айтады. Себебін сұрағанда, үлкен ұлы бұл онлайн ойындардың әсері,- депті.
Сымбат Айтпаева, қала тұрғыны:
- Schoolboy Runaway деген ойын шығып жатыр. Онда балаларды үйден қашып кетуге, ата-анаға қарсы шығуға тапсырмалар береді екен. Маған оны үлкен ұлым айтты. Кішісі 4 жаста. «Сендер ақымақ ата-анасыңдар. Сендерден кетемін», - деген сөздерді айтады. Кішісінің телефонынан ойынды өзім өшіріп тастадым. Бұған дейін үлкені де ойнаған.
Мектептен қайтып келе жатқан оқушылардан қандай желілерде отырып, онлайн ойындарға тіркелгенін сұрадық. Жауаптары көңіл көншітпейді.
Блиц-сауалнама:
- Түнде папа мен маманың бөлмесіне кіріп, кілтті алу керек. Содан кейін есікті ашу керек. Звонокты баса берсең, мамаң сыртқа шығып кетсе, қашу керек. Сол ойын. Одан кейін крышаға мініп кету керек. Олар мініп жатса, секіріп түсіп кетесің, қашып кете бересің.
- Сосын есікті біреу тақылдатады да, содан қашу керек. Мама мен папаны бірінші тебеді де, дәу адамды бірінші пышақтап өлтіру керек. Сосын темір пышақтар, шеге, ағаш табу керек. Орташа тапсырма, үшінші кезеңде қиын. Бірақ оны өте алмай жатырмын.
- Заттарды тауып, үйден қашып кету. Екінші актіні білмеймін. Тек бір акт ойнадым.
Балалардың айтуынша, бұл ойынға жасөспірімдердің бәрі әуес. Түнгі 3-ке дейін ойнап, қорқып, өшіріп тастап, қайта жазып алатын көрінеді. Ал психолог ата-аналар тарапынан балаларға қысым емес, тек қолдау көрсетуін сұрайды.
Алтыншаш Матаева, психолог:
- Мәселенің барлығы ойында емес. Бұл жерде жауапкершіліктен қашу. Өткені ата-ана мұғалімді кінәлайды. Мұғалім ата-ананы кінәлайды. Айқайлағаннан кейін айқай нәтижесіз болады. Ұрады, ұру нәтижесіз болады, қорқытады. Олар нәтижесіз болады. Содан кейін барып психологтың көмегіне жүгінеді.
Маманның айтуынша, мектептерде психологтардың санын арттыру қажет. Себебі мың баламен 2-3 ғана маман жұмыс істейді. Ал жауапты министрлік қазір әлеуметтік желілердегі арналар мен контенттерді бұғаттау туралы заң жоқ екенін айтады. Дегенмен ата-ана баланың гаджетін алып, қанша уақыт қай желіде отырғанан бақылай алады. Тіпті қайта кіре алмайтындай етуге құзірет беріліпті.
Үмітжан Арықбекова, ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:
- Көптеген ата-аналар балалардың телефонына бақылау функциясын қоса алады. Айфонда да, андроидта да осы қосымшаларда балалардың жасын көрсете отырып, қандай бір контенттерге қол жеткізуін қарап, бұғаттауға болады.
Ағымдағы жылы желіде жалған 150-ден астам ақпарат тараған. Оның 50-і бұғатталыпты. Дегенмен онлайн, мейлі оффлайн болсын жасөспірімді қадағалау қажет. Ал бірінші кезекте бала үшін ата-ана жауапты.
Диана Қадыр, Самат Оспанов