2 жылда елге ₸1 трлн жуық актив қайтарылды
Заңсыз активтерді мемлекетке қайтару жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 344 жылжымалы және жылжымайтын мүлік анықталды. Оның 131-і шетелде. 448 млрд теңге болатын құнды қағаздар жайында мәлімет бар. Сондай-ақ 220 трлн теңгені құрайтын банк операциялары, оның ішінде 1,4 трлн теңгенің күмәнді операциялары тексеріліп жатыр. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен арнайы комиссия отырысында айтылды. Қазірге дейін реестрге енгізілген кейбір тұлғалар бойынша кінәсін мойындау және заңсыз алынған мүлікті өз еркімен қайтару туралы процессуалдық келісімдер жүргізу жоспарда. Бұған қоса осы тізімдегі жекелеген субъектілердің күмәнді активтерін қайтаруды мәжбүрлеу талаптары да қойылады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Мемлекет басшысының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы шешімі – «Әділетті Қазақстанды» құру процесінің жалғасы. 2 жыл ішінде 1 трлн теңгеге жуық активтер қайтарылды. Біздің ортақ міндетіміз – заңсыз шығарылған активтердің қайтарылуын қамтамасыз ету және оларды қоғам мен мемлекеттің игілігі үшін пайдалану.
Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасы активтерді қайтару комитетінің төрағасы:
-Комиссиямен бірнеше негізді деген сұрақтар қаралды. Оның ішінде бүгінгі комиссияның шешімімен заңның субъектілер тізімі толықтырылды. Жаңадан тізімге енгізілген тұлғалар тиісті хабарлама алып, олар бойынша активтерді қайтару жөніндегі комитетпен тексеру және басқа да бақылау шаралары жүргізілетін болады. Оның аясында біз сол тізілімдегі субъектінің активтерінің пайда болу заңдылығын тексереміз.