Е. Қарин: Ведомстволық наградалар саласын ретке келтіру керек
1991 жылдың 1 желтоқсанында қазақстандықтар тұңғыш рет жалпыхалықтық сайлауда өз президентін сайлап, президенттік институттың негізі қаланды. Содан бері ол жыл санап дамып келеді. 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қабылдаған Конституция, президенттік билікті нығайту үрдісін жалғастырып, президентті атқарушы биліктің біртұтас жүйесін басқаратынын белгіледі. Ал 2022 жылғы соңғы өзгерістер Мемлекет басшысы жеті жыл мерзімге бір мәрте ғана сайланатын болды. Қазақстан – мұндай қадамға барған Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекет.
Қазақстан өзінің тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақыттың ішінде билік жүйесін үнемі дамытып келеді. Президенттік институт деген – тек ел басқару емес, сыртқы саясатта да салмағы бар дүние. Мәселен, 90-жылдары Тұңғыш Президенттің белсенді сыртқы саяси қызметінің арқасында еліміз ядролық қарудан бас тартты. Жаһанға бейбітсүйгіш ел ретінде танылды. Уақыт өте келе елімізді әлем мойындады. Бірақ Қазақстанның бірлігі мен ілгерілеуін қамтамасыз етіп, Конституцияны, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қуатты мемлекет пен бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға бағытталған саяси реформалар бір сәтке болсын тоқтаған емес. Әсіресе соңғы өзгерістер ауқымды.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
-2022 жылы Ата Заңға маңызды өзгерістер енгізілді. Әділдік қағидатына негізделген бұл түзетулер бүкіл қоғамның мүддесін ескере отырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейте түсуге жол ашты. Конституциялық реформаның басты жаңалығы Президент жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды, Парламенттің ықпалы күшейді. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлауға қатысты аралас сайлау жүйесі енгізілді. Жаңа институт – Конституциялық Сот құрылды, адам құқықтарын қорғау тетіктері айтарлықтай күшейтілді. Реформаның нәтижесінде бүкіл саяси жүйенің жұмысы жаңғыртылды.
Осылайша еліміз супер-президенттік басқару моделінен президенттік басқаруға көшті. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин атап өткендей, Парламенттің ықпалы күшейіп, демократиялық институттардың да дамуына жол ашылды. Ең бастысы, Конституцияда Президентке қатысты бұрын-соңды болмаған оң өзгерістер пайда болды.
Талғат Қалиев, саясаттанушы:
-Президенттің туысқандары бір үлкен қызметте жұмыс істей алмайды, үкіметтік мекемелерді басқара алмайды. Сондықтан оның бәрі Кеңес Одағынан шыққан елдерден бірінші рет сондай өзгеріс енгізіліп жатыр. Ол тек бізде – Қазақстанда бар нәрсе.
«Ал мұның барлығы халықтың билікке деген сенімін арттырып, елдің саяси өміріне азаматтардың белсенді араласуына жол ашады»,– дейді сарапшылар. Ал тұрғындардың әлеуметтік белсенділігі мен саяси мәдениетінің артуы – жаңа саяси ахуалдың айқын көрінісі. «Мемлекет азаматтардың өз ұстанымдарын еркін және ашық білдіруіне, шешім қабылдау үдерісіне жүйелі қатысуы үшін үлкен қадамдар жасады, жасай да береді»,– дейді Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.
Авторы: Дамир Берікұлы