Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза күшейтілді
Биыл елімізде әйелдерден жасақталған полиция бөлімшесі құрылды. Ол алдымен пилоттық режимде жұмыс жасайды, кейін Қазақстан бойынша енгізілуі мүмкін. Осылайша әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықты тергейтін әйел тергеушілер қатарын көбейту жоспарда. Тиісті заң жобасы Парламент Мәжілісінде таныстырылды. Онда жақындарына күш көрсетушілерге берілетін жаза айтарлықтай қатаңдаған.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Айыппұл, қоғамдық жұмысқа тарту және бас бостандығынан айыру. Зорлық-зомбылық үшін көзделген бұл жазаның әрқайсысы кемінде екі есеге қатаңдатылған. Енді біреудің денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргендердің өзі 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Бұрын ол 15 күн болатын. Денсаулыққа ауыр зиян келтіргендер 3-8 жылға дейін сотталады. Ал азаптау үшін көзделген жаза 2 жылдан 3 жылға ұзартылыпты. Педофил өмір бойына бас бостандығынан айырылады.
Заңда отбасынан бөлек зорлық-зомбылық болуы мүмкін өзге жерлер тізімі де қамтылған. Мәселен, балалар интернатына жеке тоқталыпты.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ол жерге біздің балалар үйі де кіреді. Сонымен қатар арнайы әлеуметтік медициналық қызмет көрсететін ұйымдар. Жазда осы екі ұйымға да үлкен резонансты оқиғалар орын алды. Сондықтан біз оларға алдын ала айтпай, хабарлама жібермей, тексеруді ұсынып отырмыз. Неге? Бүгінгі таңда қалай тексереді? Арнайы жоспар құрылады. Ұйымдар дайындалады. Соның арқасында ешқандай келеңсіз жағдайлар анықтамайды.
Қазір елімізде жедел тергеу топтарының қатарында 280 әйел тергеуші бар. Жәбірленушілердің басым бөлігі нәзік жандылар болғандықтан, олардың санын көбейту көзделуде. Сарапшылардың пайымынша, осы арқылы істі жүргізу жеңілдейді.
Дания Еспаева,ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Сонымен қатар татуласу рәсімі қатаңдатылды. Қазір тек бір рет және сотта ғана татуласуға болады. Бұрын бұған шектеу болмаған. Тұрмыстық құқықтық тіркеу бұған дейін өтініш беру сипатында болса, енді анықтау сипатына көшті. Бұрын полиция жәбірленушінің өтініші болмаса, жауапқа тарта алмайтын.
Анықтау деп тұрғаны келеңсіз жайттар бейнежазбаға түссе және куәгердің айтуымен де іс қозғала береді. Былтыр еліміз бойынша зорлық-зомбылыққа қатысты 100 мыңға жуық өтініш түсіпті. 64 әйел мен 7 бала қаза тапқан.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Бұл тақырып тек бізде емес, әлемдік деңгейде өзекті екен. Себебі соңғы жылдары 155 мемлекет осы бағыттағы заңдарын қатаңдатқан.
Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков