Елімізде 40 мыңнан аса адам қызылша жұқтырған. Өңір жаңалықтары
Дені – 14 жасқа толмаған балалар. Ал вакцина салдырғандардың қатары 1 млн 300 мыңға жетті. Дегенмен кейбір аймақтарда жұқпалы дерт өршіп тұр.
Қызылша ауруы өршіп тұрған облыстың бірі – Атырау. Өңірде жұқпалы дертке 3 мың адам шалдыққан. «Әсіресе қаңтар айында ауырғандар көп. Ал екпе алып жатқандар өте аз», - дейді дәрігерлер. Емханаға небәрі 41 адам өз еркімен келген.
Айнагүл Сәрсенғалиева, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- Екпе жұмыстары төмен деңгейде жүріп жатыр. Сол себепті аурушаңдықтың арнайы емі жоқ, аурудың алдын алудың жалғыз шарасы – вакцинация. Сол себепті мына облыс тұрғындарын міндетті түрде екпе алуға шақырамыз.
Ақтөбе облысында да дәл осындай жағдай. Өңірде қызылшаға қарсы екпе алудан 2 мың 400 ата-ана бас тартқан. Бірақ кейін 300 жуығы балаларына вакцина салдыртуға келісім берген.
Бақытжан Түлкібаева, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Жаппай иммундауға бізде облыста 67 мыңнан астам тұрғындар, соның ішінде балалар егілуі қажет еді. Бүгінгі күнге жалпы осы иммундаудың 70% орындалды. Әлі де 30% бар. Бұған біз жұмыс жасаудамыз.
Ал Солтүстік Қазақстан облысында қосымша вакцинациялау науқаныны басталғалы 20 мыңға жуық адам екпе алды. Өңірде 90 медициналық бригада құрылған. Оның маңыздылығын ата-аналар да түсінген сыңайлы.
Бағдат Жүсіпова, қала тұрғыны:
- Қызылшадан қорғанудың ең тиімді жолы – вакцинация. Сондықтан отбасымызбен ақылдаса келе баламызға екпе салдыртуды жөн санадық. Өйткені оның денсаулығына ата-ана ретінде біз жауаптымыз.
Елімізде 2023 жылдың басынан бері 40 мыңнан аса адам қызылша жұқтырған. Дені – 14 жасқа толмаған балалар. Ал қаңтар айында ауру деңгейі 8% төмендеді.
Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
- Қызылша Жетісу, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан және Маңғыстау облыстарында бәсеңдеді. Қалған өңірлердегі жағдай тұрақты. Ал Атырау, Ақтөбе облыстарында ауру әлі де өршіп тұр. Қазір осыған байланысты шаралар қабылданып отыр.
Қазақстанда қараша айында қызылшаға қарсы қосымша иммундау шарасы басталды. Ол бойынша 1,5 млн доза вакцина сатып алынған.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Ділнәз Думанқызы