Хабар телеарнасы

Атырауда жол апатынан 16 жасар жасөспірім қайтыс болды

Атырауда көлік тізгіндеген жасөспірім жол апатына түсіп, жолаушысы қайтыс болды. Оқиға кеше түнде болған. Күдікті Ваз 2170 көлігімен Toyota Camry автокөлігіне соқтығысқан. Салдарынан 2009 жылғы жасөспірім оқиға орнында көз жұмған. Тағы екі адам ауруханаға жеткізіліпті. Қазір кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Мамандардың зерттеуіне сүйенсек, біздің еліміздегі жол-көлік оқиғаларының 90% жүргізушілер кінәлі. Қалғанына техникалық ақау, кейде ауа райы мен жол жағдайының нашарлығы себеп. Қалай болғанда да Қазақстанда көлік апаттарының саны, былтыр екі есеге дейін көбейіпті. 

2023 жылы ол 15 мыңның төңірегінде болса, 2024 жылы 31 600 факт тіркелген. Салдарынан 40 мың адам жараланып, 2,5 мың кісі көз жұмған. Апат жиі тіркелетін аймақтар да белгілі. Бірінші орында - Алматы қаласы. 6,5 мың дерек. Одан кейін Алматы және Жамбыл облыстары тұр. Астана төрттікті түйіндейді.

Әлібек Кениспаев, Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

- Апаттардың негізгі себебі адами фактор болып тұр. Республикалық жолдарда қарсы бетке шығушылар мен жылдамдықты асырушылар көп. Сағатына 190-200 шақырыммен айдайтындар бар. Оның арты қайғылы аяқталуда. Қалалық жерде жүргізушілердің жаяу жүргіншілерді өткізбеу фактісі жиі кездеседі. Содан адамдарды қағып жарақат алушылар көбейген. Жалпы бізде былтардан бастап көлік апаттарын тіркеу тәсілі өзгерді. Статистиканың жоғарылауы сонымен де байланысты.