«Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары мәресіне жетті
Бүгін екі күнге созылған «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары мәресіне жетті. Оған Азаматтық қорғаныс саласының қызметтері, сондай-ақ Төтенше жағдайлар мен Қорғаныс министрліктерінің өңірлік бөлімшелері, Ұлттық Ұлан сарбаздары мен еріктілер қатысты. Оқу-жаттығу төтенше жағдайлар кезінде басқару және функционалдық міндеттердің орындалуы және құралдар мен күштердің даярлығы бойынша екі кезеңнен өтті. Жаңа министр атап өткендей бұл іс-шараның көктемгі су тасқыны қарсаңына дайындық ретіндегі маңызы зор. Себебі еліміздің 12 өңірінде су тасу қаупі жоғары.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
-Осы оқу-жаттығулар аясында су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, ұзындығы 48,2 шақырым қорғаныш бөгендері нығайтылды. 7688 су өткізу құрылыстары тазартылды. Ұзындығы 3063 шақырым каналдар мен арықтар тазартылды. 300 мың тонна инертті материалдар дайындалды. Елді мекендерден 8 млн 400 мың текше метр қар шығарылды.