Ұлттық қордан балаларға аударылатын қаржы жыл сайын өседі
Себебі ақша инвестициялық кіріс есебінен аударылады. Мәселен, биылғы кірістің 50% – 695 млн АҚШ долларына жуықтаған. Сондықтан бағдарламаға қатысушы 6 млн 900 мыңнан астам балаға 100 доллар 52 цент аударылған. Оны балалар кәмелетке толғанда тек білімге және тұрғын үйге ғана қолдана алады. Ал биыл 18 жасқа толатын 300 мыңнан астам балаға ақша зейнетақы қорына түседі.
Жауаптылардың айтуынша, барлық қазақстандық балаларға ақша аударылған. Бірақ азаматтығы жоқ немесе дұрыс көрсетілмеген болса, ата-анасы немесе заңды өкілі көші-қон қызметіне жүгінуі тиіс. Жеке басын куәландыратын ЖСН жоқ болса, тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік корпорацияға бару керек.
Мұрат Шәріпов, «БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры:
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап бағдарламаның қатысушылары ретінде 2006 жылдың бірінші қаңтарынан бастап 2023 жылдың 31 желтоқсанынан дейін туған Қазақстан Республикасының азаматтары болып есептелетін балалары тіркелді. Келесі жылдары туған балалар да автоматты түрде бағдарламаның қатысушысы болады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жыл сайын мемлекеттік деректер қорынан ақпарат алып, осы балалардың деректерін жүргізіп отырады .