Абай облысында 100-ден астам көлік қар құрсауында қалды
Еліміздің 16 облысында республикалық маңызы бар автожолдардың 100 учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізілді. Кей учаскелерде қатты боран салдарынан жол көрінбей қалған. Осыған байланысты 100-ден астам көлік кешелі бері Абай облысындағы Көкпекті ауылына жете алмай тұр. Жолды қалың қардан тазартуға шыққан 3 бірлік техниканың өзі ауылға 10 шақырым жетпей тоқтапты. Тәртіп сақшылары жүргізушілермен бірге колоннада жағдайды реттеуге кіріскен. Қызметтік көліктер мен құтқарушылардың адаспауы үшін полиция қызметкері әріптестеріне жол көрсетті. Құтқарушылар жол талғамайтын көлікпен 37 адамды эвакуациялады. МИ-8 тікұшағы қар құрсауынан 73, оның ішінде 4 баланы құтқарды. Барлығы Қалбатау ауылындағы жылыту пунктіне жеткізілді. Оларға медициналық көмек қажет емес.
Айдана Қозыбаева, ПД имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар басқармасының медиа-аналитика тобының аға инспекторы:
-Колоннаға кіреберісте адамдарға көмек көрсету мақсатында жолдың ашылуын күтіп тұрған Көкпекті ауданының полицейлері бар. Жағдай Абай облысы Полиция департаментінің ерекше бақылауында.