Хабар телеарнасы

20 мыңдай әйел азап кешкен «АЛЖИР»

Бұл атаулы күн – тарихқа деген құрмет. Өткен заманның жазықсыз құрбандарының арасында халқымыздың біртуар перзенті көп еді. Олардың жарлары мен жақын туыстары да қудалауға ұшырады. Хат-хабары үзіліп, бір сәтте «Карлаг», «АЛЖИР» лагерлерінен бір-ақ шықты. Осылайша КСРО-ның түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адам «қызыл террордың» құрбаны болды.

Кезінде 26-шы нүкте атанған бұл мекен жер бетіндегі тозақпен пара-пар еді. Себебі мұнда Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен әкелінген 20 мыңдай әйел азап кешті. Олардың бар жазығы «халық жауының» жары не туысы болғанында еді.
«АЛЖИР» ресми түрде 1938 жылы ашылғанмен, қыз-келіншектердің алғашқы легі бұл жерге 1937 жылы келді.

Саз балшықтан жасалған мынандай лашықтарға шамамен 300-дей адам сыйған. Ақмоланың аязына төтеп бере алмаса керек, бір де бірі осы күнге дейін сақталмапты. Алайда музей аумағында жасалған мына бір макеттен-ақ көріністі аңғара беріңіз.
Зорлықтың тағы бір дәлелі - әйелден басқа тұтқыны болмаған лагерьде 1500-ден астам бала туған. Бірақ оларға «ана» ұғымы жат еді. Себебі бір лагерьде жүрсе де, анасынан жырақ өсті.

Бекжамал Жалғасова, экскурсия және көрме бөлімінің маманы:
-Балалар барагы болды. Балалар 3 жасқа толысымен, ол кісілерді Осакаров балалар үйіне және де басқа Мәскеу, Беларусь, Украина балалар үйіне әкетіп жатты.

Мағрипа Қазбекованың да ұлы мен кіші қызы ес білгелі балалар үйінде өсті. Анасын АЛЖИР-ге алып кеткенде кенжесі небәрі 9 айлық еді.

Зәуре Оспанова, М. Қазбекованың жиені:
-Карлагта дәрігер болсаң, балаларыңмен кездестіреміз деген. Анам ол кезде 6-да. АЛЖИР-ден келген анасын көріп, бақырып жылаған екен. Бармаймын, мен бұл кісіні танымаймын, бұл менің анам емес деп мойындамапты.

Ұлы Отан соғысы кезінде тыл жұмысына тартылған жапон тұтқындарын емдеу үшін Мағрипа Қазбекова Балқаш лагеріне жіберілді. Бұл үшін ол тіпті Денсаулық сақтау ісінің үздігі атанып, 2 баласымен де қауышты. Бостандыққа шықты. Бірақ лагерьде 20 жылдай уақытын өткізген келіншек ет жақындарына бұл қиындықтардың бір де бірі туралы тіс жарған емес. Енді бұл құпияны ашу – келер ұрпақтың міндеті.

Авторлары: Дана Әлиева, Аманжол Байғазин, Дархан Кунтуов