Елде су тасқыны бәсеңдемей тұр
Үйлері су астында қалған тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп, оларға еліміздің барлық өңірлерінен көмек көрсетілуде.
Мектеп жасындағы балалар онлайн түрде оқып жатыр. «Қарғын судан зардап шеккендерге шығын көлемі толықтай өтеледі», деген билік басындағылар қазір арнайы комиссияның құрылғанын да айтады. Алайда тасқын толастар емес. Күн жылынған сайын қарғын судың көлемі көбейіп, өзендер де арнасынан асып жатыр.
Еліміздің батысындағы бірнеше өзен арнасына асып, 500-ге жуық үй су астында қалған еді. Өткен түнде Шаған өзені көтеріліп, Деркөл кентіндегі Самал-3 ықшам ауданының тұрғындары эвакуацияланды. Сондай-ақ Теректі ауданындағы Ұзынкөл су қоймасының кемеріне келуіне байланысты Ұзынкөл ауылынан 700-дей адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Төтенше жағдай департаментінің мамандары сыйымдылығы 85 млн текше метрлік су қоймасын кез келген сәтте су бұзып кетуі мүмкін екенін айтады.
Нұралы Мусиев, ТЖД басқарма бастығы:
- Су қоймасынан төменде Ұзынкөл, Жаңаөмір, Юбилейный, Барбастау және Кемер елді мекендері орналасқан. Жалпы осы есепті ала отырып, төмендегі елді мекендердің барлығына қауіп төнеді деген болжам жасалды.
Павлодар облысындағы Жалаулы ауылында төтенше жағдай жарияланды. Облыс орталығынан шалғайда жатқан елді мекеннің 14 үйін су басқан. Қарғын судан зардап шеккен тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді.
Жалпы Павлодар облысы бойынша 18 үй су астында қалды. Қазір сол тұрғындардың дүние-мүлкі түгенделіп, оларға гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр. Ал ауылдың айналасына суды жинақтайтын шұңқыр қазу басталды.
Жанболат Нұрғазин, ауыл тұрғыны:
- Мынау менің үйім, қорам, гаражым, машинам түгелі суға кетті. Көмір қора, шөбім түгелі. Жағдай сол. Енді су артқа қайтып жатыр. 10 сантиметрге түсті. Гуманитарлық көмектер келіп жатыр.
Ақмола облысында да қауіп сейілмей тұр. Жабай өзенінің көтерілуінен Атбасар мен Сандықтау аудандарындағы жағдай күрделі. Қазір өзен бойындағы 167 үйді су басу қаупі бар. 200-дей құтқарушы өзен жағасындағы бөгеттерді нығайтып, арықтарды қардан тазартып жатыр. Жамбылдық құтқарушылар да осында тартылған.
Жалпы облыс аумағында су тасқынына қарсы 700-ден астам адам мен 300-ге тарта техника жұмылдырылған. 54 мың инертті материал дайындалып, ұзындығы 3,5 шақырым болатын жаңа бөгет салыныпты.
Аманбек Қалжанов, Атбасар ауданының әкімі:
- Бөгет ұстай ма, ұстамай ма? Үлкен күмәніміз бар. Өйткені Жабай өзенінде екі есе көп. 87 үйді су басу қаупі бар. Бірақ оларға хабарлама бердік. Яғни су ауданға кіріп, жағдай нашарласа, оларды 6 сағатта көшіреміз.
Есіл де көтеріле бастады. Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Тоқсан би ауылының маңында судың деңгейі 3 метрге жеткен. Жайық деңгейі де биыл қауіпті межеден асып түседі деген болжам бар.
Алуа Маханбет, аймақтағы тілшілердің көмегімен