Тасқыннан зардап шеккендерге 1828 үй салынып жатыр
Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға арналған 1828 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында қалпына келтіру жұмыстары жөнінде баяндаған өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді. Ол атап өткендей жылжымайтын мүлкі жарамсыз деп танылған азаматтарға 1943 нысан сатып алынған. Сондай-ақ 1772 үйдің иелері төлем алыпты. Бүлінген жылжымайтын мүліктің жалпы саны 18 мыңнан асады. Олардың 17 мыңнан астамына сараптама жасалды. Бір аптаның ішінде 1375 қорытынды рәсімделді. 2245 үй салу жоспарланды. Сондай-ақ 5235 пәтер сатып алынса, он мыңдай үй жөнделеді.
Құрылыс министрі Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында құрылыс қарқынының төмендігін атап өтті. Оның сыртында Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында әлі күнге дейін 2122 үй су астында қалып отыр екен. Үкімет басшысы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде баспананы қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Топан сумен күрес кезінде құм мен саз үйінділері, қапталған инертті материалдардың барлығын экологияға зиян келтірмеу ушін кәдеге жарату керектігін алға тартты. Премьер-министр баспананы қалпына келтіру бойынша құрылыс қарқыны батыс өңірлерде баяу екендігін атап өтіп, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын сынға алды.
Олжас Бектенов ҚР Премьер-Министрі:
-Мен өткен аптада Солтүстік Қазақстанда болдым. Ол жақта жұмыс қарқыны жақсы. Басқа өңірлер әлі қажетті қарқынды ала алмай отыр. Тағы да еске саламын. Жаз мезгілі қысқа, бәрін белгіленген мерзімде, әрі сапалы етіп жасауға біраз уақыт талап етіледі. Өкінішке қарай жергілікті билік органдарының жұмысында салғырттық, шешім қабылдауда баяулық, ұйымдастыру ісінде әлсіздік байқалады. Әсіресе Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының белсенділігін арттыру қажет. Мерзімдерді мүлдем бұзуға болмайды. Бірақ бізге тек мерзім емес, сапа жағы да өте маңызды.