Хабар телеарнасы

Сапасыз жолдан құтылудың жолы бар ма?

Ескі дерттің бірі - сапасыз жолдан құтылудың жолы бар ма? Осыған бас қатырған  бір топ отандық ғалым мегажоба бастағандарын айтады. Германия мен АҚШ-тан әкелінген техникалардың көмегімен жол құрылысын зерттеуге кіріскен. Ғалымдардың  айтуынша бұл құрылыс саласындағы нормативтерге өзгеріс енгізуге себін тигізеді және нарықтағы көбікті бетонның сапасын жақсартып, сынап көруді жоспарлап отыр. Жаңа жобаның жолы бола ма? 

Еліміздегі жолдардың жыл сайын жөнделе беретіні халықтың кытығына тиген. Сондықтан отандық ғалымдар осы саланы толық зерттеуге кірісті. «Тіпті техникалардың өзін дамыған елдерден алдырып, тас жолдың төменгі, орта және жоғарғы қабатына қолданылатын қоспаларды қайта қарау керек»,— дейді.

Жанболат Шахмов, ғалым:
-Мегагранттың жартысынан көбі осы жолға қатысты. Жоғары температура кезде бетон ауа райымызға шыдай алмай, еріп кетіп, қиыршық тастар сыртқа шығып қалады да, сосын ол бұзылады. Өте сапалы, шетелдікіндей асфальтті бетон алуы үшін, оны сынақтан өткізуі керек. Егер біз өте жақсы нәтиже алып, өзіміздің отандық материал ретінде қолдансақ, жолдардың беріктігін, көпке шыдамдылығын арттырып осындай қасиеттерге жете аламыз.

Ғалымдар, жақсы сапаға қол жеткізу үшін кәдеге аспайтын қалдықтарды қолданып, оң нәтиже алмақ. Мәселен, ескірген көлік дөңгелектерін ұсақтап, өңдеп, асфальтті бетонға қоспа ретінде қолданады. Осылайшы, жолдың жерге сіңуі қиындап, физика, механикалық, химиялық қасиеттері артып, ой-шұңқырлар болмайды. Одан бөлек құрылыста қолданылатын газобетон блоктарының сапасын зерттеу де қолға алынды.

Жанболат Шахмов, ғалым:
-Біздің көбікті бетонымыз мына көбікті бетон ішіндегі цементті экологиялық қалдықтармен алмастыру болып саналады. Екіншіден, оның бағасын түсіреміз. Үшіншіден, біз оның беріктігі және жылу оқшаулағыш қасиеттерін жоғарлата аламыз. Базальтті талшықтар. Біз оны қайттан өңдеп, біз одан базальттық порошок ала аламыз. Көбікті бетонға қосып, цементтің несін азайта аламыз.

Қазір ғалымдар 10-15% көбікті бетонның сапасын жақсартып үлгерген. Дегенмен оны дамытып, бірінші зертханалық түрде сынақтан өткізуге ниетті. Егер оң нәтиже болса, құрылыста пайдаланып, өндіріс орындарын тартуды жоспарлап отыр. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәлімдеуінше, қазір құрылыс саласында тағы да 10-ға жуық ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр.

Дос Тұрғанбаев, ҒЖБМ Ғылым комитетінің бас сарапшысы:
-Дәл құрылыс саласында аяқталған ғылыми жобалардың өз нәтижелері бар. Атап айтқанда, олардың 8-і құрылыс саласында қолданылуда. Мысалға 3D технологиясын пайдалану арқылы құрылыс материалдарын, құрылыс жобаларын өңдеу секілді немесе композициялық материалдары, ағаш өнімдерін қалдықсыз пайдалану секілді жобалардың нәтижелері қазіргі таңда қолданылуда.

Дегенмен соңғы жылдары елімізге құрысы материалдары Ресей, Қытай, Қырғызстаннан көп әкелінген. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сарапшысы ғалымдардың ұтымды жобалары болса, үлкен компаниялармен келісімшарт жасау қиын емес деп отыр.

Олжас Қанай, ҚР ИИДМ құрылыс индустриясы және ағаш өңдеу өнеркәсібі басқармасының басшысы:
-Құрылыс заттары стандарттарға сай келуі керек. Ғылыми шығып жатқан жаңа өндірістерді, жаңа технологияларды біздің өндіріс орындары қолданып, жұмыс орындарына жаңа кадрларды оқыту арқылы өндірістің көп болуына әсер етеді. 2023 жылы материалдардың өндіру көлемі Қазақстанда 1 триллион 250 миллиардты құрады. Ол 2022 жылмен салыстырған кезде 10,3% артық шықты.

Соңғы жылдары ғылымға бөлінген қаржы күрт өскен. Мәселен, былтыр әртүрлі ғылыми зерттеулерге 172 миллиард 600 миллион теңге жұмсалған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 42% көп. Дегенмен әлі күнге дейін қазақстандық ғылымдар теориялық бөлімнен аса алмай отыр.

Авторлары: Диана Қадыр, Қайрат Ақтөреев