Су басқан өңірлердегі қазіргі жағдай қандай?
Су тасқынынан зардап шеккен 13 мыңнан астам отбасы мемлекеттік қолдауға ие болды. Ол үшін бюджеттен 4 миллиард 800 миллион теңге бөлінді. Ал Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және бірқатар облыста арнайы құрылған комиссияға 22 мың 400-ден аса тұрғыннан өтініш түсті. Одан бөлек 3 мың 950-ден аса үй мен 2 мың 600-ден аса нысан тексерілді. 524 үйді жөндеуге 670 миллион теңге бөлінді. Ал кімдерге жаңа баспана бұйырады? Су басқан өңірлердегі қазіргі жағдай қандай?
Тасқын сумен күрес Атырау облысында жалғасып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Жайық өзеніндегі су деңгейі жіті бақыланып отыр. Индер, Махамбет, Исатай, Құрманғазы аудандарында 500 шақырымнан асатын бөген салынды. Ал Құлсары қаласында 105 мың текше метрден астам қарғын су сорылды. Құтқару жұмыстарына 19 мың адам, 2 мың 700-ге жуық техника, 327 су сору және 231 жүзу құралы мен 7 авиатехника жұмылдырылған. Жалпы су тасқыны басталғалы шамамен 12 миллион 900 мың текше метр су сорылып шығарылған. Бір тәулікте 18 мыңнан аса қапшық пен 70 тонна инертті материал төселді. Ал қарғын судың беті қайтып, үйіне оралғандар саны 38 мыңнан асады. Ал әлі де уақытша орналастыру пункттерінде 6 мыңнан астам адам бар.
Асқар Шәріп, ҚР ТЖМ өкілі:
-Бұған дейін Алматы қаласынан, Қарағанды облысынан, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына көмекке барған қорғаныс министрлігі күштері мен құралдарының бір бөлігі тұрақты орналасу орындарына қайтарылуда. Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімінің күштері Ақтөбе облысында жалпы ауданы 403 гектар су басқан аумақтарда дезенфекциялау жүргізілді.
Ақтөбе облысында баспана құрылысы басталды
Дегенмен су тасқыны кезінде Ақтөбе облысында 4,5 мыңға жуық үйді, 300-ге жуық ауланы су басып, 150 үй апатты деп танылған болатын. Комиссия жұмысы әлі аяқталған жоқ. Дегенмен Қобда ауданының орталығында 120 жаңа үй тұрғызылатыны нақтыланып, бірнеше құрылыс компаниясы баспаналардың іргетасын қалауға кіріскен. Жоспарға сай бірыңғай ғимараттардың ауданы 80 және 100 шаршы метр болады. Жалпы Ақтөбе облысында 587 жаңа баспана салынып, 615-і жөнделеді деп жоспарлануда.
Ержан Мұздыбаев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:
- Облыс бойынша сатып алатын тұрғын үйлердің саны 199 болып отыр. Сатып алу тәсілі ол - дайын тұрған тұрғын үйді тұрғындар өздері келісу арқылы бір-бірімен келісімшартқа отырып, аудан әкімдігі тарапынан үшжақты сол үйді бағалаушы компанияның берген бағасына сәйкес сатып алып тез арада ол тұрғын үйге қол жеткізетін болады.
БҚО-да 413 үй салынады
Батыс Қазақстан облысында осы көктемде 1300-ден аса үйді су алса, соның 413-і жарамсыз деп танылды. Нақтырақ айтқанда, Қаратөбе ауданында - 90, Сырымда - 114, Теректіде - 81, Бөрліде - 121, Бәйтеректе - 7 үй жаңадан салынбақ. Қазір мердігер компаниялар анықталып жатыр. Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталады. Тұрғын үйлер орталық мемлекеттік органдармен бекітілген жобалар негізінде салынады. Яғни ауданы 80 шаршы метрден аспайды. Әр үйдің құны 28 миллион теңге шамасында болады. Сырым ауданындағы 114 үйдің құрылысын «Қазақстан халқына» қоры көтерсе, қалған үйлер Қарашығанақ кен орнын игеруші компаниясы мен қайырымдылық қорларына жиналған қаражат есебінен салынбақ. Ал жалпы құрылысқа қанша қаржы керектігін ешкім дөп басып айта алмайды. Өйткені техникалық тексеріс әлі аяқталмаған. Әрі Орал қаласының айналасы әлі су астында тұр.
Әлібек Антазиев, БҚО құрылыс басқармасының басшысы:
-Нақты бұл үй көлемі, саны жоқ. Неге десең әлі Жайық басқан жерлер су астында тұр. Біздер оған техникалық шарттар, сипаттама істейтін топтарымыз шыға алмай тұр. Бүгінгі таңда әлі түсіп жатыр өтініш. 1-2 жұмадан кейін нақты айта аламын.
БҚО-дағы Тасоба ауылы жолсыз қалды
Иә, Жайық өзені әлі де тосын мінезін танытып жатыр. Тіпті тасқын су жолдарды жырып кеткен. Мәселен, кеше Ақжайық ауданы, Тасоба ауылы көлік қатынасынсыз қалды. Тұрғындар қайықпен жүзіп өтуде. «Әзірше жолды қалпына келтіруге мүмкіндік жоқ»,— дейді мамандар. Тайпақ ауданы тұсында соңғы 3 тәулікте дария деңгейі 80 сантиметрге көтерілген. Ал ауданда 45 елді мекен болса, соның 32-і өзен бойында орналасқан. Сәуірден бастап ауылдардың айналасына 34 шақырымдай дамба соғылыпты.
Нұржан Төлеуіш, БҚО төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі:
-Теректі ауданы Ақсоғым ауылы және Ақжайық ауданы Тасоба ауылына қазір жол-көлік қатынассыз қалып отыр. Теректі ауданы бойынша тұрғындарды «переправа» жүргізілді, ал Тасоба ауылына техникалар жіберілген болатын. Қазір елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Адамдар өміріне де.
Петропавлда тасқынның беті қайтты
Көктемгі су тасқыны кезінде Есіл өзені тасып, 4 мыңға жуық үйді су басып қалған болатын. Қазір Солтүстік Қазақстан облысында қарғын судың беті қайтып, Есілдің барлық гидробекеттерінде су төмендеген. Мәселен, бүгін Петропавлда судың деңгейі 17 сантимтерге түсті. Ал Сергеев су қоймасындағы жағдай да тұрақты. Қазір бөгет үстімен сарқырап жатқан ағынның биіктігі 175 сантиметр. Мамандар: «Одан ешқандай қауіп жоқ»,— деп отыр.
Наталия Левина, «Қазгидромет» МКК СҚОФ директорының орынбасары:
-Көктемгі тасқынның екінші толқыны өтті. Қазір Есілдің қала маңындағы тереңдігі 12 метр 99 сантиметр. Болжам бойынша өзен бір айдан кейін тартылып, өз арнасына түсуі тиіс.
Төтенше жағдайлар министрлігінің соңғы мәліметі бойынша еліміздің 8 өңірінде жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай сақталуда. Атап айтатын болсақ, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары. Ал тасқыннан болған шығындарды өтеу жұмыстарын Үкімет қатаң бақылауына алған. Президент тапсырмасы бойынша зардап шеккен азаматтардың барлығына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі.
Авторлары: Диана Қадыр, Мансур Есқожин, Ерденбек Жылқыайдарұлы, Айдарбек Айтмұхамбетұлы