Атырауда тұрғызылған қорғаныс бөгетінің ұзындығы 516 шақырымнан асты
Осылайша жоспарлаған жұмыс көлемі 99% орындалды. Мұны Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді.
Ал осы өңірдегі Жылыой ауданында аумақтарды залалсыздандыру жалғасып жатыр. Қазір 26 әлеуметтік нысан мен 1 мың 347 үй өңделіпті.
Тұрғындардан мүлкін бағалауға қатысты 2 мың 733 өтініш түскен. Еліміз бойынша айтсақ, авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмысқа 14 мыңнан астам адам, 1,5 мың техника, 244 су сору құралы және 79 жүзу құралы мен 4 әуе кемесі жұмылдырылыпты.
Сондай-ақ елімізде тасқын су, өзен-көл мен су қоймаларына жіберіліп жатыр. Мәселен, бүгінге дейін Каспий теңізіне шамамен 1 млрд текше метр су құйылған. Ол үшін Жайық өзеніндегі 4 арна қолданылды.
Ғалымжан Қамбарбеков, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің бас сарапшысы:
-Тағы да Каспийге қанша су құйылатынын болжау қиын. Себебі Батыс Қазақстан мен Атырау облысына келемін дегенше бірнеше каналдар бар. Сол каналдарға су бөлінеді. Қалған бөлігі келіп Каспийге құйылады.