Инфляция 5% қашан түседі?
Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені төмендету үрдісін жалғастыруда. Инфляцияның қарқыны баяулағандықтан, ставканың 14,50% дейін түсетіні белгілі болды. Бұл шешім ел экономикасына қалай әсер етеді? Инфляция 5% қашан және қандай жағдайда түсетінін бүгін брифингте Ұлттық банк басшысы айтып берді.
Базалық мөлшерлемеге қатысты бүгінгі шешімді түсіндіру үшін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов журналистерге арнайы брифинг өткізді. Оның айтуынша мөлшерлеменің төмендеуіне бірнеше фактор әсер етті. Қаржы нарығы, экономикадағы жағдайдың тұрақталуы, жақсаруы – бәрі себеп. Мәселен, биыл сәуірде жылдық инфляция 8,7% дейін баяулады. Ал былтыр дәл осы кезеңде 2 есе жоғары болды.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:
-Жаһандық инфляциялық қысымның әлсіреуінен, тамақ өнімдері бағасының төмендеуінен және ұстамды қатаң ақша-кредит саясатынан инфляция баяулайды. Азық-түлік инфляциясы айтарлықтай төмендеп, 6,3% жетті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі де баяулап, 7,6% болды. Ал ақылы қызметтер инфляциясы тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифі көтерілгендіктен жылдық мәнде 13,5% дейін өсті.
Алайда тұрғын үй коммуналдық қызметтері уақытша фактор санатына жататындықтан жалпы инфляцияны есептеуде ол есепке алынбайды. «Инфляцияның төмендеуіне сыртқы факторлар да әсер етеді»,— дейді Орталық банк басшысы. Енді инфляцияның төмендеу қарқанын ұстап тұру маңызды. Ол үшін байыпты, қатаң ақша-кредит саясатына берік болу шарт.
Ақылжан Баймағамбетов, ҚР ҰБ төрағасының орынбасары:
-Жоғары ставканың жемісі байқалып отыр. Баға бұрынғыдай тез өсіп жатқан жоқ. Инфляция 8,7% дейін төмендеді. Бұл 2022 жылдың ақпанынан бергі ең төменгі көрсеткіш. Ол жақсы жаңалық. Алайда инфляция әлі де жоғары. Мақсатымыз – оны 5% дейін төмендету. Сондықтан ставканы әлі де жоғары ұстауға тура келеді. Оны мұқият және байыппен төмендетеміз.
Қазіргі ақша-кредит шарттары инфляцияның баяулау қарқынын бекітуге және инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға бағытталған. Қазір тұрақты сұраныс пен тұтынушылық кредиттеудің жеделдеуіне қарамастан азық-түлікке жатпайтын инфляция да баяулап келеді. Ал реттелетін бағалар реформасынан болатын тікелей әсерге Ұлттық банк базалық ставкамен жауап беруді көздемейді.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Аян Сәрсенбаев