Кенші Айбар Қосанов Костенко шахтасында өрт шыққанда ерлік танытты
Қарағандылық Айбар Қосанов жуырда Костенко шахтасындағы өрт шыққанда ерлік танытты. Ол оқиға орнында шұғыл әрекетке көшіп, үлкен қауіптің алдын алды. Өзін де, әріптестерін де апаттан аман алып қалды.
Айбар Қосанов Костенко шахтасында 3 жылдан бері электрослесарь болып жұмыс істейді. 2 мамыр күні ол кеніш конвейеріндегі түтінді байқап, тұтанғалы тұрған отты дер кезінде өшірді. Егер шұғыл әрекет етпегенінде кеніште өрт шығуы мүмкін еді.
Айбар Қосанов, кенші:
- Түтін шығып жатты. Барып екі өрт сөндіргішті алып сөндірдім. Сосын артқа ствол жаққа қайттым. Жоғарыға шықтым. Енді рақмет осылай еңбегімді, ерлігімді елеп жатқанына.
Сол күні шахтада 200-ге жуық кенші болған. Қауіп төнген сәтте дереу кезекші дабыл беріп, барлығы да жоғарыға шығарылған. Ал оған дейін біраз уақыт керектін. «Әріптестерінің амандығы үшін басын қатерге тігіп, шұғыл шешім қабылдаған Айбардың әрекеті нағыз ерлік», - дейді шахта басшылары.
Денис Дымов, Костенко атындағы шахтаның директоры:
- Ол өзіне қауіп төніп тұрса да, шұғыл шешім қабылдай алды. Мұның өзі ерлік. Түтін шығып жатқан жер 700 метр жерде болған. Тез жетіп, айналасы 15-20 минутта апаттың алдын алды.
Айбар 1987 жылы қаладан жырақтағы Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген. Бала күнінен елгезек, еңбекқор болып өсіпті. Осы қасиеттерінің арқасында ол ұжымдағы білікті маманға айналды. Үлгілі әке өз бойындағы жақсы қасиеттер балаларының бойынан табылғанын талап етеді. Жұбайы екеуі екі бала тәрбиелеуде.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар