Хабар телеарнасы

Отандық туризмді дамытуда шағын авиация мүмкіндіктерін игеруге болады

Табиғи туристік аймақтардың көпшілігі шалғай орналасқан. Сондықтан Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің айтуынша шағын ұшақтарды пайдалану тиімді. Айта кетейік, туристік аймақтар тізімі ТОП-20-ға дейін кеңейтілді. Сол арқылы барлық өңірде туризмді дамыту орындары белгіленді. Биыл Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында үш әуежай терминалының құрылысын аяқтау жоспарланған. Айта кетерлігі, отандық туризмдегі негізгі көрсеткіштер карантинге дейінгі деңгейден асыпты. Мәселен, былтыр Қазақстанда 9 млн шетелдік болған. Бүгінде 82 елдің азаматтары қазақ жеріне визасыз келе алады. 29 мемлекетпен 108 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасы орнаған. Бұл көрсеткішті тағы арттыруға болады. Ол үшін инфрақұрылым мәселелерін кешенді түрде шешу қажет. Қатынас нашар болғандықтан қазір Атырау, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстары туристік әлеуетін толық қолдана алмай отыр. Үкімет басшысы туристік аймақтарда инфрақұрылымдық жобаларды аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ жол сапасын сынға алып, әуе және темір жол билеттерінің бағасына қатысты мәселені шешуді жүктеді. 

Ермек Маржықпаев, ҚР туризм және спорт министрі:
-Министрлік туризмде инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуына тұрақты негізде мониторинг жүргізуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 131 млрд теңгеге 33 жоба жүзеге асырылды. 2023 жылы Маңғыстау облысының «Жылы жағажайына» инфрақұрылымды жеткізу бойынша бірқатар жобалар аяқталды.