Хабар телеарнасы

Жамбыл облысында оқушылар қалдықтан қолөнер бұйымын жасады

Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы басталғалы 1 мың 700-ден астам сенбілік ұйымдастырылды. Оған 220 мыңнан аса тұрғын қатысқан. Акция аясында Тараздағы 8 канал мен су арнасы тазартылды.

Сонымен қатар қаладағы арық жүйелері жаңартылды. Бұл жұмыстарға қала әкімдігі 3 млрд 200 млн теңге бөлген. Экологиялық іс-шараға оқушылар да өз үлесін қосып жатыр. Мысалы, шығармашылықты дамыту орталығының оқушылары кәдімгі қоқысты кәдеге жаратып, түрлі бұйымдар жасаған. Олардың 200-ге жуық туындысы көрмеге қойылып, көпшілік назарына ұсынылды. Ал шығармашылықты дамыту орталығының мамандары, шеберлік сағаттарын өткізді.

Ботагөз Қуатбек, шығармашылықты дамыту орталығының маманы:

- Қолымда тұрған мына құмыраға 1,5 ай уақыт кетті. Картоннан бірінші өзімізге керекті каркасын тұрғызып аламыз. Газет журналдарды суға ерітіп, оны сығып алып ПВА клейменен араластырып, осы каркасқа жабыстырып шығамыз. Жабыстырып болғаннан кейін кептіріп, кептіріп болғаннан кейін бояулармен бояп шығамыз. Керекті осындай әшекейлермен әшекейлеуге де болады.