Ақтөбе облысында көкжөтел дерті көбейген. Өңір жаңалықтары
Қарағандының орталық паркіндегі бассейнде шомылуға тыйым салынды. Санитар дәрігерлер судан сынама алып, ішек паразиттерін анықтаған.
Лямблиоз хлорға төзімді әрі тұйықталған су қоймаларында тіршілік етеді. Ол адам ағзасына түссе, асқазан ішек жолдары ауруларын асқындырады. Қазір Бұқпы өзенінің бойына сүзгі орнатылып жатыр. Сондай-ақ бассейнді балдырлардан тазалайтын арнайы құрылғы алуға байқау жарияланған.
Павлодарда оқушылар 2 тонна пластик қақпағын жинап, өңдеуші кәсіпорынға өткізді. Жиналған ақшаны науқас балалардың еміне жібермек. Былтыр түскен қаржы ауыр науқасқа шалдыққан екі балаға жұмсалған.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, балғындардың бұл бастамасы қоғамды қайырымдылыққа үндеумен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға оң ықпал етпек.
Ақтөбе облысында көкжөтел ауруын жұқтырғандар саны артқан. Тек жыл басынан бері 63 жағдай тіркелді.
Қазір емханаларда дертке қарсы екпе салынып жатыр. Көкжөтел – ауа-тамшы және түшкіру арқылы таралатын тыныс алу жолдарының жұқпалы ауруы. Әсіресе балалар үшін өте қауіпті. Үздіксіз жөтелден ауа жетпей, соңы қайғылы жағдайға душар етуі де мүмкін.