Хабар телеарнасы

Былтыр мопедтердің қатысуымен 750 жол апаты тіркелген

Бұл 2022 жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 4 есе көп. Бұл көрсеткіш мопедтерді бақылау керегін айғақтайды.

Көлік саласындағы сарапшылар қазір дабыл қағып отыр. «А» санатындағы жүргізушілер жаңа ережелер бойынша жүретін болса, жолдағы қозғалыс қауіпсіз болады», - дейді.

Диана Қадыр, тілші:

- «Жол жүрісі туралы» заңға және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске тиісті өзгерістер енсе, мопед жүргізушілерінің барлығы бұрынғыдай жүйткіп жүре алмайды. 6 айдан кейін 16 жастан бастап жүргізуші куәлігін алу және мопед нөмерін тіркеу міндеттеледі. Себебі елде қазір кез келген адам мопедті тізгіндеп жүр. Тіпті олардың арасында жасөспірімдер де бар.

Бұл жазбада баланың мопедте жалғыз отырғанын және үлкен жолға бара жатқанын байқауға болады. Енді мұндай әрекеттерге тосқауыл қойылатын күн жақын. Себебі елде жастар мен ересектер арасында мопедтің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеген.

Мәселен, Наурыз Жамалбековте «А», «B» санатында жүргізуші куәлігі бар. Бір жыл мопедті тізгіндеген. Дегенмен жол апатына түсіп, жол ережесін бұзып, айыппұл арқалағанын айтады.

Наурыз Жамалбеков, мопед жүргізуші:

- Бір рет алдымда машина тоқтап қалып, содан артын кіріп кеткенмін. Бірінші ДТП-ым сол.  Негізі мен мопедке куәліктің керегі жоқ деп ойлаймын. Өйткені 59 ғана куб қой. Біз айдап жүрген мыналар 49 куб. 49-дан асқандарға болады. Олар жылдамдықты 70-тен асыра алады. Мыналардың баратын жері 50 ғана.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, соңғы 5 айда 500-ге жуық мопедшілер жол апатына ұшыраған. Оның 15-і қаза тапса, 450-ден астамы ауыр жарақат алған. Автонұсқаушы Ерболат Әбдуқадыровтың айтуынша, айыппұл мен жазаны қатаңдату керек.

Ерболат Әбдуқадыров, автонұсқаушы:

- Мынау ішіп алған, нашақор шегіп алған адамдардың барлығына штраф - 18 мың теңге. Ал егер машинамен көлік жүргізіп келіп, ұсталсаңыз, басқаша әңгіме болады. Көлік жүргізу куәлігінен айрыласыз. Қамайды. Осы сәтте мопедтерге сәл қатаң қараса екен деп ойлаймын. Кейбір мопедттер бар, тротуармен жүреді. Саябақтың ортасымен жүреді. Саябақтың ортасымен бастарына шлем киіп алып, өтіп кетеді. Ол жерде бізде аналар жүреді. Егер апат болған жағдайда ол мопедтті қайдан іздеп табамыз? Басына шлем тағып алған, нөмері жоқ.

Заңға жаңа өзгерістер енсе, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өткен мопедшілер 35 мыңға жуық ақша төлейді. Ал жылдамдықты белгіленген нормадан асырғандар 147 мың, ал мас күйде мопедті жүргізу жүргізгендер 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Масаң күйде куәліксіз мопед жүргізгендер 7 жылға дейін емтиханға жіберілмейді.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Дәл қазір біз мопедшілердің нақты санын айта алмаймыз. Себебі олар тіркелмеген. Шамамен Қазақстанда 50 мыңдайы бар. Көбінесе үлкен қалаларда. Мопедтті тіркеу мәселесіне Ішкі істер министрлігі кіріскен. Оның жолдары қарастырылуда. Ал егер де жүргізушілерде А, Б, С санаты болса, олар жеке А, А1 санатын қайта оқу міндеттелмейді. Ал мүлде жүргізуші куәлігі жоқтар автомектепті оқуы қажет.

Қос дөңгелекті тізгіндеушілерге сақтандыру полисін рәсімдеуге міндеттеледі. Одан бөлек, жыл сайын техникалық байқаудан өтуі тиіс.

Диана Қадыр, Самат Оспанов, Қайрат Ақтөреев