Сенат мопедтерді тіркеуге арналған заңды мақұлдады
Қазақстанда 5 млн 300 мыңнан астам көлік бар. Ол аздай енді олардың қатарына мопедтер қосылды. Негізінен жеткізу қызметінде жүрген аталған көлік қазір көбейген. Бірақ олар заңмен реттелмеген. Мопедтерді тәртіпке келтіру үшін биыл жыл бойы талқыланған Заң жобасын бүгін сенаторлар мақұлдады.
«Мопедшілерге тықыр таянды. Көп көліктің арасымен зуылдап, жол ережесін елемейтін олар енді көлігін тіркеп, мемлекеттік нөмір алуы тиіс. Әйтпесе, оларды бақылау мүмкін емес»,— дейді құзырлы орган өкілдері.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, олардың заңбұзушылықтарын қазір бейнебақылау камераларының өзі тіркей алмай отыр. Ал мопедтердің қатысуымен болған апаттар күннен күнге көбейіп барады. Былтыр сондай 750 оқиға тіркелсе, биыл 962 жағдай болған. Екі жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде шағын мотоциклдердің кесірінен 87 адам қаза тауыпты.
Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер вице-министрі:
-Нөмірі мен құжатының жоғын пайдаланып олар жиі ереже бұзады. Себебі жазаланбайтындарын біледі. Оның үстіне олар көбейіп барады. Қазір біздегі есеп бойынша елде 80 мыңнан астам мопед бар. Сондықтан олардың қозғалысын заңмен реттемесек болмайды.
Заң қабылданса, енді тек 16 жасқа толған, жүргізуші куәлігінде «А1» категориясы бар азаматтар ғана мопед тізгіндей алады. Басқа санаттары бар жүргізушілерге «А1-ді» Ішкі істер министрлігі тегін қосып бермек. «Ал көлікті тіркеу шығыны мың теңгеге де жетпейді»,— дейді құзырлы орган өкілі.
«Жол жүрісі туралы» заңға орташа жылдамдық деген түсінік те енгізіліп отыр. Ол үшін республикалық жолдарға бейнебақылау камералары қойылады. Шекті жылдамдықтан асырғаныңызды солар әшкерелейді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Мемлекет басшысы Жолдауда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Сондықтан бүгін қаралған заңдар жүргізушілердің жауапкершілігін арттырып, жолдағы қауіпсіздікті арттыруға өз үлесін қосады деп сенеміз.
Осылайша аталған заң жобасы бүгін мақұлданып, депутаттар тарапынан қолдау тапты. «Президент қол қойса, құжат 6 айдан кейін күшіне енеді. Себебі Ішкі істер министрлігі аталған өзгерістерді қолданысқа енгізу үшін біраз уақыт керек»,— деп отыр.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Бауыржан Ебелеков