Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысына су тасқыны салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстары жөнінде есеп берілді

Президентке Премьер-Министр Олжас Бектенов су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету жұмыстары Үкіметтің тікелей қадағалауымен жүргізіліп жатқанын баяндады.

Үкімет басшысының мәліметі бойынша қазіргі кезде 61352 адам өз үйлеріне оралған. Эвакуациялық пункттердегі тұрғындарға (5452 адам) барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр.

20 мамырдағы жағдай бойынша 26 мыңнан астам отбасына 100 АЕК мөлшерінде бірреттік төлем беру үшін 10 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді (жалпы, 32 655 өтініш келіп түскен). Бұл жұмыстар Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Абай, Ұлытау облыстарында толықтай аяқталды. Ал Солтүстік Қазақстан облысында бірреттік қаржылай көмекті 6090, Қостанай облысында 4085, Атырау облысында 3730 отбасы алды.

Бұдан бөлек, зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі таңда баспаналары қираған 239 отбасы жаңа үйлер мен пәтерлерге қоныстанды. Атап айтқанда, Қостанай облысында 146, Ақмола облысында 57, Ақтөбе облысында 28, Қарағанды облысында 6, Павлодар облысында 2 баспана тұрғындардың игілігіне берілді.

Сонымен қатар Үкімет басшысының дерегіне сәйкес өңірлерде 873 жаңа үйдің құрылысы жүргізілуде. Нақтырақ айтқанда, Батыс Қазақстан облысында 357, Қостанай облысында 88, Ақтөбе облысында 153, Атырау облысында 70, Солтүстік Қазақстан облысында 200, Павлодар облысында 5 тұрғын үй салынып жатыр.

Қазірге дейін 891 отбасыға үйлерін жөндеу және қалпына келтіру шығындары үшін жалпы сомасы 1,9 миллиард теңге көлемінде өтемақы төленген.

Жалпы, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда 11137 тұрғын үй тексеріліп, 7863 нысанды бағалау жұмыстары аяқталды.

Бағалау ісінің аяқталуына қарай, зардап шеккен тұрғындарға аса қажетті дүние-мүлік сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейін қосымша өтемақы төленіп жатыр. Сондай-ақ өлген малдың өтеуі үшін мемлекеттен бөлінген қаржылай көмектің көлемі 1,3 миллиард теңгеден асты.

Мемлекет қолдауынан бизнес те тыс қалмайды. Тасқыннан зардап шеккен кәсіпкерлердің шығынын өтеу механизмдері анықталып, тиісті жұмыстар басталып кетті. Бүлінген үй мен мүлікті жедел бағалау үшін қосымша ресурстар тартылды.