Алакөл жағалауында туристік маусым ашылды
Алакөл жағалауында туристік маусым ашылды. Биылғы жаз мезгілінде Алакөлдің Жетісу облысына қарасты бөлігіне 2 млн демалушы барады деген болжам бар. Онда қазір 200-ден астам демалыс орны жұмыс істеп тұр. Жергілікті атқарушы билік өкілдері тарапынан Ақши ауылын абаттандыруға 35 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ Ақши ауылының кіреберісіне 6 трансформатор қойылды. Бескөл-Ақши бағытындағы электр желілері жаңартылды. Артылған электр қуаты жаңадан салынып жатқан демалыс орындарына беріледі. Көл жағалауы бес бөлікке бөлініп, жергілікті кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға берілген.
Бейбітгүл Халелова, демалушы:
- Ақсуаттан келдік, Екпін ауылынан. Жақсы демалып жатырмыз. Алакөлге бірінші рет келіп тұрмыз, міне. Жақсы бәрі, көңіл-күйіміз әйбат.
Дәуренбек Мұқабаев Ырғайты ауылдық округінің әкімі:
- Жардан түсетін жағалауға арнайы орын, сонымен қатар қайықтар тұратын арнайы пирс дейміз ғой, тұрақ, соның бәрін, міне, қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпкер өз тарапынан бізге бейнебақылау орнатып береді. Сонымен қатар осы жағажайда, өзінің алған аймағында қоқыс контейнерлері қойылады.