Әділет министрлігі «Е-заң көмегі» чат-ботын іске қосады
Енді баспананы «Халыққа қызмет көрсету орталығына» және нотариусқа бармай-ақ, онлайн-режимде сатып алып немесе сатуға болады. Мәміленің қорытындысы 8 сағаттың ішінде дайын болады. «Ал тіркеу небәрі 10 минут уақытыңызды алады»,-дейді Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков. Бұл пилоттық жоба шілдеден бастап Астана және Алматы қалаларында іске қосылмақ.
Сондай-ақ Әділет министрлігіндегі жаңа цифрлық жобалардың бірі – «Е-заң көмегі» мобильді қосымшасы. Яғни енді өзіңізді мазалаған құқықтық сұрақтарға онлайн жауап аласыз. Сізге 24/7 жұмыс жасайтын жасанды интеллект қызмет көрсетеді.
Айтпақшы қазір сот орындаушысының біраз жұмысын робот жасап жүр. Осы арқылы адами фактор азайып, бюджеттің 2,2 млрд теңгесі үнемделген. Өткен жылы іске қосылған «Цифрлық нотариат» жобасы да тиімділігін көрсеткен. «Бір жылдың ішінде 74 мыңнан астам цифрлық сенімхат рәсімделді»,- дейді вице-министр.