Мемлекеттік қызметшілердің жай-күйі қандай?
Елордада Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің уәкілетті ұйым басшылары бас қосты. Мемлекеттік қызметшілердің цифрлық сауаттылығын қалай арттыруға болады? Үздіксіз оқыту жүйелерін ілгерілету, бағалау тетіктерін жаңарту мәселесі талқыланды. Іс-шараға тағы кімдер қатысты? Елімізде мемлекеттік қызметшілердің жай-күйі қандай?
Биыл елімізде Мемлекеттік қызметшілер күні 10-шы рет атап өтіледі. Түрлі салада жемісті еңбек еткен ардагер Алтай Болтайханұлының айтуынша, соңғы жылдары елге қызмет етудің жаңа үлгісі, тың әдістері енгізіле бастаған.
Алтай Зейнелғабдин, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры:
- Директор департаменті болу үшін де бірнеше сатыдан өту керек. Ол сатыдан өтпей, біздерде мемлекеттік қызметтің жоғарғы дәрежесіне ұсыну деген ол уақытта болмайтын. Бірақ кейінгі кезде көптеген іс-шаралар қайтадан жаңғырылып жатыр. Кадрлық резервке ұсыну және одан өту – өте күрделі процестердің бірі. Резервтен өткен жас мамандар келешекте мемлекеттік қызметтің үлкен дәрежесіне жетеді.
Қазақстан мемлекеттік қызметті жаңғыртуда HR құралдарын қолдануға басымдылық беріп отыр. Яғни кәсіби мамандар мен дарынды басқарушыларды жекелеген жоғары лауазымдарға тағайындауға болады. Ал жоғарғы оқу орындарын грантпен бітірген үздік түлектерді аудандық және ауылдық деңгейдегі қызметке іріктеусіз жол ашылған. Одан бөлек, цифрлық трансформация аясында «e-Qyzmet» жүйесінде мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа форматы енді.
Талант Медет, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Мемлекеттік қызметке іріктеу департаментінің директоры:
- Адами факторды жою үшін кандидаттарға жеке нөмер беріледі. Ол азаматтың кім екенін ешкім біле алмайды. Ал жүйе өзі анықтайды. Қазір 22 мемлекеттік мекемеде жұмыс істеу үшін үміткерлер өз өтініштерін қалдыра алады. Ал іріктеу 1-ші шілдеден басталады. Мәселен, 2017 жылы бір орынға 1-2 адам арасында тартыс өтсе, қазір 5 - 6 маманның арасынан бір ғана кіл мықты анықталады.
2022 жылдан бастап 44 нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енген. Дегенмен Қазақстан мемлекеттік қызметті дамыту үшін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерінен тәжірибе алмаспақ.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының айтуынша, бізде әлемдік тәжірибеде бар мансаптық өсудің екі жолы бар. Бірі төменгі қызметтен басталады. Екіншісі шетелде білім алған, кәсіби қабілеті жоғары азаматтардың еңбек өтілі ескерілмейді. Осылайша жоғары лауазым иесі атанады.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Бізде 360 градуста бағалау автоматтандырылған. Бірақ бұл кісілердің тәжірибесін бөліссек деп отырмыз. Бұл кісілерде басқаша KPI және индикаторлар қойылған. Қазір тәжірибе алмасу процесіндеміз. Қырғыз мемлекетінің өзіндік автоматтандыру, цифровизациямен жұмыс істеу ерекшеліктері бар. Оларда өздерінің ойларымен бөліседі. Өзіміздің мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін, олардың құзыреттілігі мен қабілеттілігін арттыру. Осы бағытта қазір өзіміздің ойымызды талқылап, пікір алмасатын боламыз.
Соңғы дерек бойынша елімізде 67 мыңнан астам азамат мемлекеттік қызметте жүр. Әйтсе де 8 мыңнан аса жұмыс орны бос тұр. Сондықтан елге абыройлы қызмет еткісі келетін әрбір азамат онлайн өтініш қалдыра алады.
Диана Қадыр, Аян Сарсенбаев