Хабар телеарнасы

Аралдың су көлемі артты

Жыл басынан бері Солтүстік Аралға 1,1 миллиард текше метр су түсті. Осылайша кіші теңіздегі су көлемі 21,4 миллиард текше метрге жеткен. Сырдария суының 75 пайызы Қырғызстанда, 20 пайызы Өзбекстанда және 5 пайызы Қазақстанда қалыптасады. Мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясының 86-шы отырысында Солтүстік Аралға бөлінетін су көлемі нақтыланған. Комиссия  құрамында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдері бар. Яғни тараптар егінді суару маусымында ағын екпіні секундына кемінде 30 текше метр болады және 997 миллион текше метр су жіберіледі деп келіскен.

Мөлдір Әбдуалиева ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің  ресми өкілі:

- Қазір теңізге секундына 50 текше метр су келеді. Бір жыл бұрын ағын секундына 6 текше метр болатын. 2005 жылы Солтүстік Аралды оңтүстіктен бөліп тұрған Көкарал бөгетінің құрылысы аяқталды. Бөгет Солтүстік Арал теңізіндегі су деңгейін көтеруге мүмкіндік берді.